Аралдық волейболшылар чемпион болды

Оқушыларды волейболдан дайындап жүрген №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Жасұлан Бердібаев дарынды шәкірттері туралы айтып берді.
– 2011 жылдан бері балаларды волейболдан дайындап жүрмін. Маған оқушылар 3-4 сынып оқып жүрген кезден бастап келіп, қатыса алады. Кіші, орта, үлкен топқа бөліп спортқа құмар шәкірттерді дайындаймын. Ал Айкен мен Нұрдана маған 9 жасында келді. Содан бастап олардың спортқа деген қызығушылығы еселене түсті. Аралдық волейболшылар командасы республика көлемінде өткен түрлі додаларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Сондай додалардың бірінде Айкен мен Нұрдана облыстық құраманың жаттықтырушыларының көзіне түсті. Көп дайындық жасадық. Нәтижесін берді, – дейді ол.
Шәкірттердің жеңісі жаттықтырушының еңбегінің жемісі екендігі жасырын емес. Осы ретте Жасұланның да еңбегі ерек. Ал қос волейболшы қыз жарады. Облыстың мерейін көтеріп, чемпион болды.
– Кішкентай кезден спортқа жақын болдым. Сосын №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне волейбол үйірмесіне қатыса бастадым. Жасұлан ағайдан ойынның ережелерін, әдіс-тәсілдерін үйрендік. Жарыстарға қатыстық. Облыстық құрама команданың құрамына кіргенде қатты қуандым. Шымкенттегі чемпионаттағы жеңісіміз мені тіпті қанаттандырды,– дейді Нұрдана.
9 жасынан бастап волейболдан жаттығуға қатысып, шеберлігін шыңдап жүрген Айкен де бұл жетістіктің маңызы зор екеніні айтты.
– Қаладағы №262 мектеп-гимназияның оқушысымын. Ең алғаш спортқа деген қызығушылықтан, әрі бос уақытымды тиімді пайдалану мақсатында қаладағы №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне волейбол үйірмесіне қатыса бастадым. Аудан атынан көп жарыстарға бардық. Әр жарыстан бір нәрсе үйреніп келіп жүрдік. Облыстық құрама команданың құрамына кіру ойламаған жерден болды. Бізді жеңіске жетелеген жаттықтырушыларымыздың еңбегі зор, – дейді Айкен Олжабаева.
Айта кету керек, Қызылорда облысының тарихында волейболдан әйелдер құрама командасы тұңғыш рет чемпион болып отыр. Ал осы жеңіске жетуге аралдық қос спортшы қыз өз үлестерін қосып, алтыннан алқа тағып, аудан мен облыс мерейін өсірді. Волейболшыларымыздың әлі талай шыңдарды бағындырарына сенім мол.
Н. МАРАТҚЫЗЫ