Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Камбэк сыйлаған күңіл-күй

Камбэк сыйлаған күңіл-күй

Тарихи күн, тарихи сәт. Қазақ футболы үшін бұл оқиға алтын әріппен таңбаланып қалатыны сөзсіз. Күрес пен боксты оң жамбасымызға келеді дейміз. Ал жаһандағы ең танымал футболға келгенде көрермендердің сенімі күйреген жағдай жиі көңілімізді түсіретін. Ал кешегі демалыс соның барлығын ұмыт қылып жіберді. Себебі біз Еуропа чемпиондарын қапыда қалдырдық.
Тарқата айтсақ, қызыл жейделі Дания құрамасы 1992 жылы дәл осы іріктеу өтіп жатқан Еуропа біріншілігінің плей-офф кезеңін кедергісіз басып өтіп, Швецияның Гетеборг қаласында өткен ақтық ойында әлем футболының алпауыты Германия құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, алтыннан алқа таққан. Бұл отыз бір жыл бұрынғы тарих.
Әріге бармай-ақ "Еуро 2020" турнирінде де дат ойыншыларының қаншалықты шебер екендігін тағы байқаймыз. Жартылай финалда Англия құрамасына қосымша уақытта есе жіберген олар қоланы қоржынға басып қайтқаны футбол жанкүйерлерінің жадынан шыға қоймаған болар.
Міне, осындай алпауыт құрама 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеуінде Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия, Қазақстан және Сан-Марино құрамаларымен бір топқа түскенде сөзсіз фаворит саналды.
Иә, "Астана Аренадағы" іріктеудің екінші кезеңі де барша футбол шолушылары мен жорамалшыларының ойлағанындай басталды. Ойынды алғашқы минуттан ширақ бастауға талпынған қазақстандық ойыншылардың ұмтылысы нәтижесіз шығып жатты. Бірақ Дания құрамасының ала доп шеберлері ойынды өз бақылауында ұстады. Допқа иелік ету мен жүйелі шабуылдың нәтижесінде кездесудегі алғашқы допты соқты. Үзіліске дейін бұл есепті еселеп көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Екі голдың да авторы алғашқы турда Финляндия қақпасына хет-трик жасаған Р.Хойлунд.
Қазақстан құрамасы кездесудің екінші бөлігін орталық қорғаушы С.Малыйдың орнына Т.Ерлановты шығарумен бастады. Бұл өзгеріс қорғаныстың ширақ қимылынан басқа айтарлықтай өзгеріс алып келмеген соң, Дания құрамасының бапкері жеңіске деген сенімділік танытып, кездесудің 65 минутында үш бірдей ойыншыны ауыстырғанымен, шабуылды күшейткен қазақстандықтар 73 минутта өз дегендеріне жетті. Өз айып алаңында қолмен ойнаған қарсыластар қорғаушы өз қақпасына 11 метрлік айып добын тебуге мүмкіндік жасап берді. Санаулы күндерден кейін 25 жасқа толатын Бахтиёр Зайнутдинов пенальтиден мүлт кетпей, өзінің ұлттық құрамадағы 11 голын соқты.
Голдан шабыттанған қазақстандықтар шабуылды үдете түсті. Сондай сәттердің бірінде Абзал Бейсебеков қақпа бағанын көздесе, кейбір соққылар сәтсіз аяқталып жатты. Ал жанкүйерлер асыға күткен Бауыржан Исламхан мен Аралдың тумасы Абат Аймбетовтің алаңға шығуы ойынды тіпті ширата түсті. Сонда шабуылдардың бірінде алғашқысының пасымен Асхат Тағыберген алыстан нысананы тура көздеп, есепті теңестірсе, матч аяқталар тұста Абаттың Каспер Шмейхель қақпасына баспен бағыттаған соққысы тоғыздыққа тура бағытталып, ала доп қақпа торында тулады. Бұл ойынның 89 минуты болатын.
Міне, осылайша талай әйгілі аяқдопшы шыққан Дания өкілдерінен айласын асырып, барша қазаққа қуаныш сыйлады. Бір қуанарлығы, алаңда керемет өнер көрсеткен құраманың көпшілік ойыншысы қазақ балалары. Жыл бұрын ұлттар лигасында атойлаған футболшыларымыз қолдау бар жерде доп тебе алатындықтарын тағы да бір дәлелдеді. Бастысы шабысынан жаңылмасын дейміз.
О. ЖОЛДАСОВ
28 наурыз 2023 ж. 648 0