Толқын Арал аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Еуро-2020: Финалдық кезеңге жолдама алған 20 құрама белгілі болды

Еуро-2020: Финалдық кезеңге жолдама алған 20 құрама белгілі болды

19 қараша күні футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу туры мәресіне жетті. Жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алған 20 құрама белгілі болды, деп хабарлайды inform.kz
Олардың қатарында Англия, Чехия, Украина, Португалия, Германия, Голландия, Швейцария, Дания, Хорватия, Уэльс, Испания, Швеция, Польша, Австрия, Франция, Түркия, Бельгия, Ресей, Италия, Финляндия құрамалары бар.
Аталмыш құрамалар төрт себетке бөлінді. Алғашқысында Италия, Англия, Бельгия, Испания, Украина, Германия, екіншісінде Франция, Польша, Швейцария, Хорватия, Ресей, Голландия, үшіншісінде Португалия, Түркия, Дания, Австрия, Швеция, Чехия, төртіншісінде Финляндия, Уэльс және Ұлттар лигасы плей-офф сатысында озып шыққан 4 құрама орналасқан. Жеребе тарту рәсімі 30 қарашада Румыния астанасы - Бухарест қаласында өткізіледі.
Еуропа чемпионатының финалдық сатысы 2020 жылдың 12 маусымы - 12 шілдесі аралығында өткізіледі. Оған барлығы 24 құрама қатысуға мүмкіндік алады. Аталмыш турнирдің іріктеу сатысында барлығы 10 топтан алғашқы екі орынға ие болған құрамалар жарыстың финалына бірден өтеді. Ал қалған төрт құрама 2020 жылғы 29-31 наурызда Ұлттар лигасы плей-офф сатысында озып шыққан құрамалар арасында анықталады.
Айта кетерлігі, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі кәріқұрлықтың Әзербайжан, Англия, Венгрия, Германия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Голландия, Ресей, Румыния және Шотландия мемлекеттеріндегі 12 қалада өткізіледі. Бұл Еуропа чемпионатының алғаш өткізілгеніне 60 жыл толу мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
20 қараша 2019 ж. 239 0