Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарайсың, Жәнібек!

Жарайсың, Жәнібек!

Қазақ былғары қолғап шеберлерінің мерейі қай кезден-ақ үстем. Кешегі Кеңес Одағының уақытындағы Серік Қонақбаевтан бастап, кейінгі аты әлемге әйгілі боксшылардың атын атап тауысу мүмкін емес. Тіпті кәсіпқой бокстың өзінде әлемді мойындатқан мықтылар аз емес. «Балқаштың барысы» атанған Василий Жировтан бастап, АҚШ-тағы шаршы алаңдардың шаңын шығарған қазақстандық кәсіпқой боксшылардың қатарында ұзақ жылдар бойына өзінің жеңіліссіз сериясымен барша әлем халқының сүйіктісіне айналған Геннадий Головкиннің соңғы сәтсіз жекпе-жектерін ұмыттырған бір боксшы болса, ол – Жәнібек Әлімханұлы.
Кәсіпқой рингке алғаш көтерілгеннен-ақ Жәнібектің аяқ алысынан көп жетістікке деген үмітіміз болды. Міне, сол уақыттан бері бірде-бір жекпе-жегінде сүрінбей келе жатқан боксшы бүгінде барша қазақтың мақтанышына айналып үлгерді. WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына қол жеткізген Жәнібек өз белдігін абыроймен қолдап келеді.
Өткен жексенбіде жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген боксшы қайтадан шаршы алаңның төріне шықты. Бұл жекпе-жекте көгілдір экран алдында қолдаушы болып отырған миллиондаған қазақстандықтың бір ғана тілегі бар еді. Ол тек жеңіс болатын.
Жасыратыны жоқ, «жеңіліп қалады ма?» деген де сұрақ та тұрды санамызда. Себебі қарсыласы канадалық Стивен Батлер де оңай олжа емес еді. Осы уақытқа дейін 36 кездесудің 32-сінде жеңіске жетсе, 26 жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаған оның тәжірибесі жеткілікті еді. Оның үстіне «бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, бір ғана сәтті соққы барлық ойынның қорытындысына әсер етуі әбден мүмкін.
Бірақ қуанышымызға орай бағы да, бабы да қатар шапқан Жәнібекке «жарайсыңнан!» басқа айтарымыз жоқ. Тәжірибелі қарсыласпен өткен төбелесті «әп» дегеннен белсенді бастады. Күрсі жұдырықты боксшымыз 12 раундқа жоспарланған бокс бәсекесінде Стивен Батлерді қуалап жүріп соққыға жықты. Осылайша 2 раундта кездесуді уақытынан бұрын аяқтап, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағын қорғап қалды.
«Толқын» ақпарат

16 мамыр 2023 ж. 1 012 0