Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Халықаралық Олимпиада күні

Бүгін – Халықаралық Олимпиада күні

23 маусымда бүкіл әлемде олимпиадалық қозғалысты ілгерілету және спортты дәріптеу мақсатында Халықаралық Олимпиада күні атап өтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап спорттық іс-шаралар ұйымдастырды. Акция аясында түрлі ойындар мен эстафеталық жарыстар, брейк-дансерлердің қойылымдары және әртүрлі жастағы балалар арасында таэквондо мен каратэден сайыстар ұйымдастырылды.

Қазақстанның атақты спортшылары - 2012 жылы Лондондағы ойындардың Олимпиада чемпионы – боксшы Серік Сәпиев, бокстан 2016 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит, бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов жас спортшыларға шеберлік сабақтарын өткізді.

«Барша қазақстандықтарды Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтаймын! Мен осындай іс-шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын, жас спортшылардың олимпиадалық спортқа қызығушылық танытып, чемпион болуға ұмтылғанын, еліміздің чемпиондарымен кездескісі келетінін көру біз үшін үлкен қуаныш. Менің ойымша, өскелең ұрпақ жыл өткен сайын спортқа бет бұрып келеді, «ұстаздан шәкірт озар» дейді емес пе?! Жас спортшылардың бізден озып, жүзден жүйрік атануы үшін барымызды саламыз. Спорт фестивалі өте жақсы өтті, өз басым жағымды әсер алдым. Осы қуанышты бізбен бөлісуге келгендеріңіз үшін рахмет. Мереке құтты болсын», деді Серік Сәпиев.

Жас спортшылар Олимпиадалық спорт түрлеріне арналған викторинаға, сондай-ақ «көңілді старттар» эстафетасына қатысты. Сондай-ақ әрқайсысы өз білімі мен дағдыларын көрсетіп, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің бағалы сыйлықтарын ұтып алды.

«Еліміздің барлық тұрғындарын Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтағым келеді. Олимпиада күні жыл сайын тойланады. Осындай шараларға қатысқан ұлдар мен қыздар чемпион болуды және жеңіс тұғырынан Қазақстан туын желбіретуді армандайды. Өскелең ұрпаққа деген сенімім мол және олардың ата-аналарына баласының таңдауына құрметпен қарағаны үшін ризашылығымды айтқым келеді. Викториналарға белсенді қатысқан балалардың білімге деген құштарлығына тәнтімін. Қазақстанда спорт қарқынды дамып келеді, бұл қуанарлық жағдай», деді Василий Левит.

Ұлттық Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада күнін 30 жыл қатарынан өткізіп келеді.
23 маусым 2023 ж. 314 0