Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық спортшылар 80 медаль иеленді

Қазақстандық спортшылар 80 медаль иеленді

Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында ХІХ жазғы Азия ойындары өтті. Сайыстар 51 жарыс алаңында өткізілді. Бұл мақсатта 14 жаңа кешен салынды. Көптеген спорт түрінен жарысты Ханчжоу қабылдады. Ал кейбір жарыстар Дэцин, Цзиньхуа, Нинбо, Шаосин мен Вэньчжоу сынды шағын қалаларда болды.
Дүбірлі додада Азия Олимпиада кеңесі (АОК) құрамындағы 45 елден 12 500-ден астам спортшы келген еді. Жазғы Азия ойындарында 8 спорт түрінен Париж Олимпиадасына жолдама берілді. Бәсекеде 40 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстан құрамасы Қытайда өткен Азия ойындарының қорытындысы бойынша 11-орынға ие болды. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 80 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 10 алтын, 22 күміс және 48 қола бар. Жүлде саны бойынша бірінші орынды Қытай, екінші орынды Жапония және үшінші орынды Оңтүстік Корея алды. Ал Қазақстан құрамасы медальдің жалпы саны бойынша турнирлік кестеде бесінші орын алды.
Қазақ елінен төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылатын құрлық додасына 524 (262 ер, 262 әйел) спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар 1994 жылдан бастап, яғни биыл сегізінші мәрте Азия ойындарына қатысып отыр. Соңғы рет 2018 жылы Индонезия елі өткізген жазғы Азия ойындарында 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медаль еншілеп, командалық есепте 9-шы сатыға тұрақтаған еді. Бұл жолғы жазғы Азия ойындарында спортшыларымыз қола жүлдеге көбірек ие болды. Айта кетерлігі, бесінші орында тұрған Өзбекстан посткеңестік кеңістіктегі елдер арасынан үздік ондыққа ілінді.
Енді 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Нагоя қаласында өткізілетін болады.
"Толқын" ақпарат
10 қазан 2023 ж. 1 977 0