Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәнібек екінші белбеуді еншіледі

Жәнібек екінші белбеуді еншіледі

Кәсіпқой бокстың орта салмағында жаңа шоқжұлдызға айналып келе жатқан отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы кеше күллі қазақ жұртын қуантып, тағы бір маңызды жекпе-­жегінде жеңіске жетті.

АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында ұйымдас­ты­рылған кәсіпқой бокс ке­шін­де жерлесіміз IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеудің иесі германиялық Винченцо Гуаль­тьериді (22-1-1, 7 KO) сұлатып салып, орта салмақта қос белбеудің су жаңа чемпионы атанды.

Осыдан бірер жыл бұрын еліміздегі бокс жан­күйерлерін «егер алда-жалда Геннадий Головкин қол­ғабын шегеге ілсе, оның орын кім басар екен?» деген сұрақ мазалап, осы сұрақты әлеуметтік желілер арқылы отандық және шетелдік бокс мамандарына төтесінен қоятын. Сонда бокс сарапшыларының басым бөлігі дәл сол мезетте жақсы жұдырықтасып, көзге көрініп жүрген боксшылардың есімін атайтын. Сол тізімнің бел ортасында Жәнібек Әлімханұлының да аты-жөні тұратын. Енді, міне, Жәнібек өзінің кешегі жарқын жеңісінен кейін Головкиннің лайықты ізбасары екенін, мұхиттың арғы бетінде оның орнын жақын жылдары жоқтатпайтынын дәлелдеді. Енді бокс жанкүйерлері «Жәнібектен кейін кім шығады, Әлімханұлының әлеуетінен кім асып түсер екен?» деген сұраққа бас қатырады. Головкиннің орнын кім басады деген сұрақ осымен тәмам!

Былтыр тамыз айында ғана атақты америкалық боксшы Деметриус Андраде орта салмақтағы WBO нұсқасының чемпиондық атағынан бас тартқаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы бұл тұжырымның жаңа чемпионына айналған еді. Арада бірер ай өткен соң ол Лас-Вегастағы жарыста Дензел Бентлиді ұпай санымен жеңіп, алғаш рет өз атағын сәтті қорғады. Ал мамыр айында қандасымыз 27 жастағы канадалық Стивен Батлермен жұдырықтасып, орта салмақ чемпионына лайық екенін тағы бір мәрте бүкіл әлемге көрсетті. 2014 жылдан бері кәсіпқой бокста канадалық 37 кездесу өткізіп, 33 рет жеңіске жеткен, 26 қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген тәжірибелі боксшы болатын. Сондай-ақ ол үш рет жеңіліп, тағы бір бәсекеде тең түскен. Тіпті 2017 жылы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес алғашқы жекпе-жегін өткізген кезде дәл осы Батлер «Канелоның» спарринг-серіктесі болған.

Осындай азулы қарсыласпен қолғап түйістірген отандасымыз канадалықтың атақ-даңқынан еш қаймықпай, Стивенді небәрі екінші раундта сұлатып салған еді. Әлімханұлы әуелі қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Бірінші нокдауннан кейін-ақ Батлердің беті қайтып қалды. Бірақ төреші канадалыққа тағы біраз жұдырықтасуға мүмкіндік берді. Арада санаулы секундтар өткенде Жәнібек апперкот соққысымен қарсыласын есеңгіретіп алды да, сол қолымен құлақ-шекеден ұрды. Нокаут!

Осы жекпе-жектен кейін орта салмақтағы біраз боксшы отандасымызбен жұдырықтасудан қаймы­ғып, түрлі сылтауды желеу етіп, Жәнібектен қаша бастады. Әлімханұлы да атағы жоқ боксшылармен жұдырықтасып, босқа уақыт өткізіп алудан өзін аулақ ұстайтынын, тек чемпион боксшылармен ғана жұдырықтасуға ниетті екенін айтты. Орта салмақ чемпиондары белдігін тастап, өзге салмаққа «қашып» жатқанда, биыл ғана IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған германиялық Винченцо Гуальтьери Жәнібекпен жұдырықтасуға ниетті екенін білдірді. Іздегенге сұраған дегендей, Әлімханұлы бұл айқасқа қуана келісті.

Қазақта «өткелде ат ауыстырмайды» деген аталы сөз болса да, Жәнібек тәуекелге барып, осы айқастың алдында жаттықтырушысын ауыстырып, бұл кездесуге жаңа бапкердің қол астында жаттықты. Жекпе-жек алдында америкалық журналистердің отандасымыздан не үшін бапкер ауыстырдыңыз деген сұрағына былай жа­уап берген еді: «Мен Джеймс «Бадди» Макгирттен өзі­ме керек дүниенің бәрін алдым, маған енді жаңа нәрсе­лерді үйрену керек. Сондықтан бапкер ауыстырдым. Жек­сен­бі күні мені жаңа қырымнан танисыздар».

Иә, бұл жекпе-жекке Жәнібек жақсы дайындықпен келген еді. Гонг үні естілген беттен Әлімханұлы алға ұмтылып, бастапқыда джеб соққыларымен қарсыла­сын шаршатуға тырысты. Арасында Гуальтьериге де өз өнерін көрсетуге мүмкіндік беріп, бір бармағын бүгулі ұстап жүрді. Осыдан-ақ жекпе-жек мерзімі­нен бұрын аяқталатыны белгілі бола бастады. Бесінші раундта Жәнібек қарсыласын ауыр соққысымен бір рет есеңгіреткенімен, германиялық боксшы тез есін жиып алды. Бірақ алтыншы раундқа келгенде отан­дасымыздың бірнеше қайталанған соққысынан кейін рингтегі төреші Гуальтьеридің денсаулығын ойлап, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Техникалық нокаут!

Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы бір жылдан сәл аса уақытта орта салмақтың екі бірдей алтын белдікті иеленген қазақ боксшылары арасында үшінші күрзі жұдырық иесі атанды. Олар кімдер десеңіз, біріншісі, әрине, Геннадий Головкин, екіншісі – жеңіл салмақтағы Жанат Жақиянов.

egemen.kz
15 қазан 2023 ж. 2 871 0