Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс жалауын желбіреткен жерлестер

Жеңіс жалауын желбіреткен жерлестер

Апта басында аудан әкімі Серік Сермағамбетов жеңіс жалауын желбіреткен жас спортшыларды қабылдады. Өз кезегінде аудан басшысы аудан абыройын асырып, Аралдың атын жарты әлеме мәшһүр еткен спортшылардың елеулі еңбегіне оң баға беріп, бұл салаға облыс әкімінің қолдауы ерекше екеніне тоқталды.

    Иә, мемлекеттік Ту екі жағдайда ғана көтерілетіні көкірегі ояу, көңілі ашық баршаға мәлім, Яғни, аталған елдерге Президентіміз сапарлап барғанда және отандасымыз қандай да бір сайыстарда топ жарып, І орын тұғырынан табылғанда көңіліміз марқайып, көк байрағымыз биікте желбірейді. Осы және өзге де жетістіктер тілге тиек етілген басқосуда Өзбекстан республикасы Хива қаласында гір тасын көтеруден, сондай-ақ Грузия  астанасы Тбилисидегі әлем біріншілігінде әмбебап жекпе-жектен жүлдегер атанған жеңімпаздарды және Алатау баурайында болған 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы шахматтан өткен сайыста жүлдегер атанған жеңімпазды қабылдады.
Атап айтсақ, жоғарыда сөз еткеніміздей, аралдық 5 бірдей спортшы үстіміздегі жылы батпан көтеруден дараланып, өзінің мықтылығын дәлелдеген еді. Бұдан бөлек, соңғы жылдары әмбебап жекпе-жекке ден қойған №19 Арал ауданының олимпидалық резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары 6 алтын, 1 күміс жүлдемен оралып, Аралдың атын асқақтатқан болатын. Қоян-қолтық ұрыста ешкімге есе жібермеген туған жеріміздегі өрендердің әлемдік аренада қарсылас шыдатпауы жақсылықтың нышаны, әрі облыс, аудан әкімдігінің қолдауының нәтижесі. Бұдан бөлек, жарқын жеңіске жетіп, ойшылдардың ойыны саналған шахматтан №62 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы Ақылжан Сейілханұлы Қазақстан Республикасы кубогында І орнын еншілеп, дәріс алатын білім ұясының атағын аспандатқаны ауданымыз үшін зор мақтаныш.  
Жиында аудан әкімі барша спортшыларға риясыз пейілмен құрмет көрсетіп:
–Сіздер биылғы жылы әлемдік спорт бәсекелерінде жеңімпаз атанып, ел мерейін өсірдіңіздер. Айтулы жеңістерің мен жетістіктеріңіз үшін шын жүректен құттықтаймын. Алпауыт мемлекеттердің спортшылары бақ сынасқан сайыстарда аралдықтардың топ жаруы біз үшін ерекше жаңалық болды. Спортшыларымыздың үздіксіз жалықпай жаттығып, жарысқа асқан жауапкершілікпен қарауының, жаттықтырушылардың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыра білуі арқасында осындай тамаша жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Теңізді өлкенің мерейін асқақ еткен табысты қадамдар ауданымыздың 95 жылдық мерейлі белесінде олжалы сый болды деп білеміз. Алдағы уақытта да табандылық пен жоғары спорттық шеберліктеріңізді паш ете беретіндеріңізге сеніміміз мол, – деп жүлдегерлерге Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
Рас, ауданымызда спорт саласында ілгерілеу бар. Мұның бәрі қолдаудың айқын көрінісі. Аз уақыттың ішінде бірқатар ауылдық округтерде спорттық кешендер бой көтеруі осы сөзімізге дәлел.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ

01 желтоқсан 2023 ж. 3 066 0