Аудан әкімі спортшыларға құрмет көрсетті
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Өзбекстан Республикасы, Хива қаласында гір спортынан және Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласындағы әмбебап жекпе-жектен өткен Әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері мен Алматы қаласында шахматтан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы өткен жарыстың жеңімпазын қабылдады.
Аралдық спортшылар гір спортынан өткен чемпионатта бес бірдей спортшы жеңіс тұғырынан көрінсе, әмбебап жекпе жекте №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары 6 алтын, 1 күміс жүлдемен оралды. Сондай-ақ, № 62 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Мейірханұлы Ақылжан жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстан Республикасы кубогының І орын жүлдегері болып, Әлем чемпионатына жолдама алды.
Кездесуде аудан басшысы әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып, олжалы оралған спортшыларды жеңісімен құттықтап, игі тілегін арнады.
- Сіздер биылғы жылы әлемдік спорт бәсекелерінде жеңімпаз жүлдегер атанып, ел мерейін өсірдіңіздер! Жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Алпауыт мемлекеттердің спортшылары бақ сынасқан бәсекелерде аралдықтардың топ жаруы біз үшін қуанышты жаңалық болды. Спортшыларымыздың үздіксіз жалықпай жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарауы мен жаттықтырушылардың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында осындай зор жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Теңізді өлкенің мерейін асқақ еткен бұл жетістіктеріңіз ауданымыздың 95 жылдық мерейлі белесіне олжалы сый болды. Алдағы уақытта да табандылық пен жоғары спорттық шеберліктеріңізді паш етіп, елімізді халықаралық сайыста лайықты көрсете беріңіздер» - деді Серік Сағитжанұлы.
Аудан әкімімен кездесу барысында байрақты бәсеке жеңімпаздары жарыс кезіндегі ерекше сәттерімен бөлісті. Қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыстарын білдіріп, ел мәртебесін одан әрі асыруға дайын екендіктерін де жеткізді.
Қабылдау соңында аудан басшысы жүлдегерлерді «Алғыс» хатпен марапаттап, арнайы сый-сыяпаттарды табыстады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі