Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Олимпиададағы алғашқы алтын

Олимпиададағы алғашқы алтын

Күн санап күткен төрт жылдықтың басты бәсекесі бастау алды. Төрткүл дүние көз тіккен Париждегі ХХХІІІ жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанатынан бастап-ақ ерекше дүниелерге куә болған жалпы көрермен бұл жазды естен шығара қоймас. Әсіресе алғашқы күндерден қанжығаны майлаған спортшылардың қуаныш сыйлаған сәті мүлде ұмытылмайды. Ол рас.
Франция астанасында спорттың 25 түрінен 80 спортшымыз ел намысын қорғайды дедік. Осының өзі іріктеуде жерлестердің қаншалықты мықты болғандығын көрсетіп тұр. Десе әрбір сопртшының кеудесінде "Мен Олимпиада чемпионы атанғым келеді" деген арман болады. Демек шын мықтылар сыналатын бұл жарыстың бәсі бәрінен биік деген сөз. Ендеше іріктеуден іркелмей өткен қазақстандықтардың да алдында үлкен сын тұрған. Сондай-ақ барша халықтың үкілі үміті мен сенімін айтсаңыз. Оны ақтай алған азаматта арман бар ма?!
Әрине, арман жоқ. Соның ішінде Елдостың ерлігі ерекше. Осыған дейін Олимпиаданың күмісін де, қоласын да мойнына таққан ерімізге жетпей тұрғаны алтын алқа еді. Өз салмағында теңдессіз мықтылардан, анық фавориттерден жарыс алаңында айласын асырған Елдос Сметов финалда жарыс қожайыны тегі грузаин болып саналатын француздық Лука Мжеидземен таласқа түскенде демді ішке тарттық. Өз елінде мұндай мүмкіндікті қолдан жібергісі келсін бе?! Аянып қалмады, алайда Елдос ерледі. Осылайша 44 жылдан кейін Жақсылық Үшкемпіровтің ізін жалғап, күрес түрлерінен қазақ жеріне алтын алып келді.
Мұнан бөлек дәл осы дзюдо спортынан Гусман Қырғызбаев қола жеңіп алса, ел қоржынына алғашқы болып Ислам Сәтпаев пен Александра Ле ату спортынан қола медаль салған еді.
Иә, әлемді бокспен мойындатқан қазақ халқының боксшыларынан бөлек алда талай жарыс бар. Жерлестерге жеңіс тілейміз!
Оңталап ЖОЛДАСОВ
30 шілде 2024 ж. 479 0