Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда ұлттық жекпе-жек түрінен республикалық ашық біріншілік өтті

Ауданда ұлттық жекпе-жек түрінен республикалық ашық біріншілік өтті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент сессиясында сөз сөйлеп, «қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі» деген болатын. Иә, спорт – денсаулық кепілі. Оны өскелең ұрпақ арасында насихаттау – әрбір азаматтың міндеті. Бұл тұрғыда тек үлкен қалаларда ғана емес, аудан көлемінде де атқарылып жатқан шаруалар жетіп артылады. Солардың бірі – өткен аптада өткен ұлттық жекпе-жек түрінен Республикалық ашық біріншілік.
«Спорт күні» мерекесі – спортқа жаны құштар жанның қуанышы. Мереке қарсаңында ауданда «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен балалар мен жасөспірімдер арасында ұлттық жекпе-жек түрінен жарыс өтті. Басты мақсаты ұлттық спортты, оның ішінде жекпе-жек түрін кеңінен насихаттау, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылардың тәжірбие алмасу, шеберлігін арттыру және жастар арасындағы бұзақылыққа қарсы жасөспірімдер дәрежесін көтеру мен рухани байытуды көздеген жарысқа еліміздің Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан және ауданнан жалпы саны 180-ге жуық бала қатысып, сайысқа түскен болатын.
Ақтөбе қаласынан келген Халықаралық дәрежедегі төреші Әліби Сарин және Шымкент қаласынан келген ұлттық жекпе-жектен аға жаттықтырушы Бексұлтан Тұрсынов сынды спорт майталмандары төрешілік еткен біріншілікте ауданымыздан шыққан жас спортшылар Оспанов Мирас (30 кг салмақ дәрежесінде), Тұлпаров Ринат (35 кг салмақ дәрежесінде), Мнажадинов Нұрасыл (+60кг салмақ дәрежесінде), Өтеумағамбетов Марғұлан (45 кг салмақ дәрежесінде), Ғалымжанұлы Диас (50 кг салмақ дәрежесінде), Мұхтарұлы Жансүйен (55 кг салмақ дәрежесінде), Өтебай Мансұр (60 кг салмақ дәрежесінде) және Ғалымұлы Қуандық (+70 кг салмақ дәрежесінде) жеңіске жетіп, жүлделі І орынмен марапатталды. Жалпы командалық есеп бойынша Арал ауданы І орын алса, Ақтөбе облысы ІІ орын иеленді. Жүлделі ІІІ орын Шымкент қаласынан келген спортшыларға бұйырды. Сайыс туралы:
– Жалпы балалардың дайындығы жаман емес. Барлығы өзіміз жоспарлағандай қызу, бәсекеге толы деңгейде өтті. Ауданымыздың жастары өте жоғары көрсеткіш көрсетті. Ол – бала мен жаттықтырушы жандардың еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, сайыс жастардың спортқа деген қызығушылығы артқанын тағы да дәлелдей түсті. Алдағы уақытта мұндай сайыстар жалғасын табады, – деп Халықаралық дәрежедегі Спорт шебері Фараби Сауытбаев пікірін білдірді.
Гүлмарал САҚТАПОВА
02 тамыз 2024 ж. 614 0