Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық жекпе-жек түрінен турнир өз мәресіне жетті

Ұлттық жекпе-жек түрінен турнир өз мәресіне жетті

Таяуда «Балалар жылы» аясында Арал қаласындағы Орталық стадионда ұлттық жекпе-жек түрінен республикалық турнир басталған болатын. Аудан әкімінің кубогы үшін өтетін жарыста жергілікті спортшылардан бөлек Қызылорда, Түркістан облыстары мен Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан келген балалар мен жасөспірімдер бақ сынады.Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып:
– Спорт – денсаулық кепілі және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің таптырмас құралы. Жекпе-жек – ұлттық рухтың жарқын үлгісі, білек пен жүректің, батылдық пен қайсарлықтың айқын белгісі. Ұлттық жекпе-жек түрі бүгінгі таңда республикамызда қарқынды дамуда. Еліміздің әр өңірінен үлкен үмітпен келген барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін,–деп спортшыларға сәттілік тілеген болатын.Сонымен бірге спорт саласының ардагері Қараев Ертан сөз алып, бабы мен бағы келіскен қатысушылардың жеңіске жетуіне тілектестігін білдірген еді.
Арал ауданында үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирде 2013-2014, 2011-2012 жылы туылған балалар мен 2007-2008, 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер 32 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Жалпы 300 бала, 13 команда болып күш сынасқан болатын. Турнир нәтижесі бойынша Арал ауданы І орынды қанжығасына байлады. Ал ІІ орынды Қызылорда қаласы иеленсе, жүлделі ІІІ орынға Ақтөбе қаласы ие болды. 140 медаль, 140 грамота, 15 спорттық кубоктер мен 15 арнайы белдік сайысқа түсіп, жеңімпаздарға табысталды.

"Толқын" ақпарат
05 желтоқсан 2022 ж. 1 190 0