Жас спортшылардың мерейі тасыды

Бүгінде осы бағыттағы ауқымды жұмыстар еліміздің әр аумағында жүзеге асып, соның нәтижесіне қол жеткізіп отыр. Соның ішінде ауданда да салfуатты өмір салтын ұстануға бейім, спортты жанына серік еткен жастардың қарасы өте көп. Олар қазірдің өзінде спорттың қай түрінен болмасын жеңіске жетіп, ауданның абыройын асқақтатып келеді.
Аралдық өрендердің мерейі өскен спорттық жарыстың бірі жақында көршілес Қырғызстан Республикасы Ыстықкөл ауданында өтті. Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында шахматтың Рапид түрінен қаладағы №62 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Ақылжан Мейіржанұлы айды аспанға шығарды десек болады. Өзбекстан, Индия, Вьетнам сияқты Азияның 11 елінен қатысқан шахматшылар арасынан өзінің шеберлігі мен біліктілігін анық көрсете білген Ақылжан Азия біріншілігінің күміс жүлдесін иеленіп қайтты.
Бұл жерлесіміздің жалғыз жеңісі емес. Осыған дейін талай биікті бағындырған мақтанышымыз наурыз айында жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында жеңімпаз атанса, Грузияның Батуми қаласындағы шахмат турнирінде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шақпақ тақташылар арасында үздік ондыққа кірген болатын.
Жерлесіміз жеңісті жолдан таймай, ауданның, елдің абыройын асқақтата берсін дейміз.
***

Жастайынан жекпе-жекті жанына серік еткен жастардан әлі талай жеңіс күтеміз.
Эльмира УТАРБАЕВА,
Арал ауданының мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері