Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалық спортшыларға жанкүйер болды

Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалық спортшыларға жанкүйер болды

Демалыс күні аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Қайсар» футбол клубының маусымашар матчін тамашалап, Батыржан Шалғынбаев атындағы футзалдан республикалық турнирдің жабылу салтанатына қатысты.

Еске салсақ, бүгін Орталық стадионда биылғы жылдың алғашқы ойыны - «Қайсар»-«Қызылжар» командаларының арасында матч өтті. Ойын «0:1» есебімен аяқталды.

Әрі қарай аймақ басшысы «Евразия» спорт кешенінде өткен жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан дәстүрлі республикалық турнирге қатысушыларды құттықтап, марапаттау рәсіміне қатысты. Мұндай байрақты бәсекелер өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттауда зор маңызға ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «...Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, соның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деген болатын.

Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 денешынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд. теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Алдағы уақытта жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу жұмыстары демеуші есебінен атқарылуда. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер көмегімен 1,6 млрд. теңгенің 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарымызға тарту етілді. Бұл халықтың спортпен шұғылдануына, саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

Еске салсақ, кеше "Евразия" спорт кешенінде жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Биыл 27-ші мәрте ұйымдастырылған турнирге көршілес Өзбекстаннан және еліміздің 6 облысынан 32 команда, 640 спортшы қатысты.

kyzylorda-news.kz
06 наурыз 2023 ж. 915 0