Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗИДАН КЕЛГЕЛІ «РЕАЛ» ҚАЛАЙ ӨЗГЕРІП ЖАТЫР?

ЗИДАН КЕЛГЕЛІ «РЕАЛ» ҚАЛАЙ ӨЗГЕРІП ЖАТЫР?

Зинедин Зидан мадридтік «Реалға» екінші мәрте бас бапкер болып келгелі бері командадағы болашақ ауыс-түйістердің нобайы сызыла бастағандай. Зидан келгеннен кейін «Реал» қатарына қосқан алғашқы ойыншы – Эдер Милитао.
«Порту» шабуылшысы үшін корольдік клуб 50 миллион еуро төлеген. Бразилиялық футболшы жазда «Реал» сапына ауысады. Зидан біраздан бері негізгі құрамнан түсіп қалған Иско мен Марселоға да мүмкіндік бермек. «Бұл ойыншылар көп ойнаған жоқ, бірақ өзгелермен бірдей жаттығып жүр. Әрине, жаттығу мен ойынның арасы жер мен көктей, бірақ олар жақсы ойыншылар және олардың әркез матчқа дайын болуы өте маңызды. Марселоның ойнағанын біраздан бері көрмедім. Бразилиялық бұрын аз ойнады, бірақ ол еңбекқор. Оның дайындығы мен ойнауға деген ықыласы өте жоғары» депті Зидан.
Батыс ақпарат құралдарының жазуынша Зидан бас бапкерлікке тағайындалғаннан кейін команда капитаны Серхио Рамосқа телефон шалып, оған команданы әрі қарай қалай дамытатындары жайлы айтқан. Зиданның өзі жаттығу процесі кезінде ойыншыларға негізгі құрамға қатысты маңызды ойын жеткізген. «Біз бәрін нөлден бастаймыз. Кезінде сіздердің қандай деңгейде болғандарыңыздың еш маңызы жоқ. Жетістіктеріңіз артта қалды, олар қазір маңызға ие емес. Ешкімге негізгі құрамдағы орын үшін кепілдік берілмеген және ешкімнің орны тартып алынбаған. Маусымның қалған бөлігін тиімді пайдалану қажет» депті бас бапкер.
Зидан «Реал» тізгініндегі алғашқы матчын бүгін, 16 наурыз күні Ла Лиганың 28 туры аясында «Сельтаға» қарсы өткізеді. Француз маманының командаға қайтып келуімен Гарет Бэйлдің жағдайы қиындауы мүмкін деп жазады батыстық ақпарат құралдары. «Гарет әзірге күтеді, шешімді кейін қабылдаймыз» депті футболшының агенті Барнетт. Бэйл мен Зидан арасындағы жағдай былтырғы маусымның соңында нашарлаған еді. Сол кезде футболшы клубтан кетуге дайын болған. Алайда Зиданның бас бапкерлік қызметтен кететінін естіген соң ойыншы өз ойынан айныған. Зиданның қайта оралуы Кейлор Навасқа да жағымды тұрғыдан әсер етуі мүмкін.
Француз маманы команданы тізгіндеп тұрғанда коста-рикалық қақпашы негізгі құрамнан түспейтін еді. Ол өзіне артылған жүкті қайыспай көтеріп, жанкүйерлер сенімін ақтай білді. Зидан да оған сенді. «Реалға» басқа жас қақпашылардың ұсынылғанына қарамастан Зидан олардың бірде бірімен келісімшартқа отыруға құлық танытқан жоқ.
Француз маманы дүйсенбі күні корольдік клуб сапына қайта келгеннен кейін клуб өкілдері аргентиналық футболшы Мауро Икардидің өкілдерімен байланысқа шыққан. Икардиге қазір бірқатар клубтар, оның ішінде «Наполи» қатты қызығушылық танытуда. Келіссөздер барысында мадридтіктер «Наполиге» қарағанда әлдеқайда жоғары жалақы мен тиімді ұсыныс жасайтындарын айтқан.
Зинедин Зиданның бапкерлік штабы өзгеріссіз қалды: Антонио Пинтус, Дэвид Беттони, Хамиду Мсаиди және Роберто Васке. «Реал» сапында Зидан жылына 12 миллион еуро тұрақты жалақы алады. Бұл жалақы жыл сайын біртіндеп көбейіп, әртүрлі бонустар қосылады.
Абай Қазбекұлы
aikyn.kz
16 наурыз 2019 ж. 1 006 0