Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс тұғырынан көрінген жерлестер

Жеңіс тұғырынан көрінген жерлестер

Санаулы күн бұрын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да өз мәресіне жетті. Әлемнің 85-тен астам елінен 2 000-ға жуық спортшы қатысқан дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпы нәтиже бойынша 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медальмен көш бастады.

Ұлттық құраманың сапында болып, ел намысын жоғарғы деңгейде қорғаған жерлестеріміз Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында қонақ болып, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақ бойынша 40-қа жуық мемлекеттен спортшылар бақ сынады. Бұл сайыс біздің елімізде өтіп жатқандықтан мен үшін жауапкершілік жүгі екі есе ауыр болды. Әрбір адам жарысқа қатысарда басты жүлдеден үмітті болады ғой. Сол сияқты менде де жеңіске жетсем екен деген арман болды. Тақта үстіндегі сайыста сегіз ойын өткіздім. Барлығында да жеңіске жетіп, жалпы есепте 8 ұпай жинап жекелей сында да, жалпыкомандалық есепте де жеңімпаз болып, алтыннан алқа тақтым. Ендігі мақсатым, қараша айында Түркия елінде өтетін Әлем чемпионатында да осы жеңісімді қайталасам деймін. Осы орайды пайдаланып әлеуметтік желі арқылы маған қолдау білдірген барша жанкүйерлеріме, жерлестеріме алғысымды айтамын, – деді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бексұлтан Бостандықов.

Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінен облысымыз бойынша 4 спортшы Ұлттық құрама командаға шақырту алып, жарыстарға қатысты.

– Спортпен айналысып жүргеніме 12 жыл уақыты болды. Осы жылдар аралығында көптеген байрақты бәсекелерде өнер көрсеттім. Бірақ осы көшпенділер ойынының алар орны ерекше болды. Олай деуімізге себеп көп. Әлемнің 89 мемлекетінен спортшылар келді. Олармен лайықты бәсеке көрсетуге біз де дайын болдық. Жауапкершілікті сезіне алдық. Жарысқа қай спортшы болсын, жеңіс үшін барады. Қоланы қанағат тұттық. Алдағы уақытта да елдің абыройын асқақтатып, туымызды биіктен желбіреткім келеді. Қолдаған жерлестеріме шынайы алғысымды білдіремін, – деді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері Назерке Әбілтаева.

Ат спортын ел арасында насихаттап жүрген спортшыларымыздың қатарында көкбөрі жарысынан Ұлттық құрамада өнер көрсеткен Нұрлыбек Асқаров та бар.

– Жарыстың оңайға соқпайтынын алдын-ала білдік. Тыңғылықты дайындалдық. Мен қырғыздардың ұлттық ойыны көкбөрі деп аталатын спорт түрінен сынға түстім. Алтыннан дәмелі едік. Дегенмен, көпшілік көз тіккен спорт додасында күмісті олжаладық. Финалда қырғыз ағайындармен болған ойын өте қиын әрі қызық болды. Елдің намысын абыроймен қорғай алдық деп ойлаймын, – деді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері Нұрлыбек Асқаров.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
19 қыркүйек 2024 ж. 328 0