Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұз айдыны спорт кешені – мол мүмкіндік алаңы

Мұз айдыны спорт кешені – мол мүмкіндік алаңы

Kyzylorda-news.kzҚызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешені 2013 жылдан бері спорттың түрлі бағыты бойынша спорт сүйер қауымға сапалы қызмет көрсетуде. Орталықта ойын залы, грек-рим күресі, көркем гимнастика, мұз алаңы, жаттықтырушы-оқытушылар бөлмесі, сонымен бірге спорттық билерге арналған хореографиялық сынып қарастырылған.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда грек-рим күресінде – 6 жаттықтырушы, 88 спортшы, грепплингте – 1 жаттықтырушы, 6 спортшы, панкратион спорт түрінде – 1 жаттықтырушы, 7 спортшы, қоян-қолтық ұрысында – 1 жаттықтырушы, 6 спортшы, көркем гимнастикада – 4 жаттықтырушы, 121 спортшы, баскетболда – 4 жаттықтырушы, 128 спортшы, волейболда – 4 жаттықтырушы, 132 спортшы, шорт-тректе – 2 жаттықтырушы, 46 бала, шайболы хоккейде – 2 жаттықтырушы, 76 бала, мәнерлеп сырғанауда – 1 жаттықтырушы, 31 бала қамтылған. Аталған спорттық үйірмелер спортшыларға ақысыз түрде қызмет көрсетеді.
Спортшыларға көрсетілген үлкен мүмкіндіктердің арқасында Сыр саңлақтары жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, аймақ абыройын әлемдік ареналарда қорғап жүр. Сонымен қатар, аталмыш спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі балалардың мұз алаңында еркін сырғанауына мүмкіндік қарастырылған. 2024 жылы «Мұз айдыны» спорт кешенінде 40 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 5 610 спортшы қатысты.
Бүгінде «Мұз айдыны» спорт кешенінің бірқатар аумағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртылуда. Атап айтсақ, орталықтың қосалқы кіреберіс аумағы кеңейтіліп, соңғы үлгіде жабдықталды. Сонымен қатар, орталықтың шатыр бөлігі толықтай ауыстырылуда. Бұдан бөлек, жаппай сырғанауға арналған 300 дана коньки жаңартылып, қауіпсіздікті сақтау мақсатында 51 дана бейнебақылау камерасы орнатылды. Осы жылы ғимараттың сыртқы келбетіне заманауи түнгі жарық орнату жұмыстары қолға алынбақ.
Фото: Сыр спорты
19 қаңтар 2025 ж. 88 0