Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт саласында серпін бар

Спорт саласында серпін бар

Спорт күнінің дені сау ұлтты қалыптастыруда маңызы зор. Тәуелсіздік алған жылдан бастап салаға ерекше мән беріліп келеді. Дегемен спорт күні 2003 жылдан бастап, тамыздың үшінші жексенбісінде атап өтіле бастады. Бұл күн спорт пен дене шынықтыруға, салауатты өмір салтына деген қызығушылықты дамытуға және оятуға арналған. Салауатты өмір адамды да, әлемді де өзгертеді. Оның құндылықтары адамдардың бірлігі мен ынтымақтастығы, сонымен қатар бейбіт өмір сүруіне, денсаулық пен көңіл-күй деңгейін көтеруге қызмет етеді. Біз де қалыс қалмай, мереке қарсаңында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жұмысымен танысқан болатынбыз.
Құтты мекеннің іргетасы 1964 жылы Арал қаласындағы №220 орта мектебінің спорттық базасында қаланған. Ашылған жылдары баскетбол, волейбол сынды спорт түрлері ұйымдастырылып, жастардың спортқа қызығушылығын оятты. 2005 жылдың мамыр айында Қызылорда облысы «Дене тәрбиесі және спорт бөлімінің» Арал аудандық «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылады. 2022 жылға дейін осы атаумен жұмыс істеп, сол жылдың маусым айынан бастап Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының «№19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» КММ болып қайта тіркелді.
Бүгінде мекемеге тиесілі аудан орталығында бас ғимарат (спорттық сауықтыру кешені, стадион), күрес залы және бокс залы жұмыс істейді. Сонымен қатар Аманөткел, Қамыстыбас ауылдық округтерінде «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы негізінде салынған спорт кешені ауыл жастарының жиі бас қосатын орнына айналған.
Спорт мектебі ашылған уақыттан бері 2014 жылдың тамыз айына дейін мекеменің директорлық қызметін Ерғали Жұмамұратов, Иван Шульга, Көлбай Данабаев, Ерболат Қараев және Жалғас Бітімбаев секілді спорт майталмандары атқарды. Ал 2014 жылдың тамыз айынан бастап мектеп директоры қызметіне Серік Алмағамбетов тағайындалып, абыройлы қызмет етіп келеді.
Мектеп құрылған кезеңнен бастап қазіргі кезге дейін көптеген саңлақ спортшыларды даярлап шығарды. Оның бір мысалы, 2024 жылдың 6 айлық есеп көрсеткішінде спорт мектебінен Азия чемпионатынан 1 қола, республика чемпионатынан 11 алтын, 9 күміс, 7 қола жүлдегері шығып отыр.
– Мекемеде арнайы жоғары білімді 31 жаттықтырушы, арнайы орта білімді 6 жаттықтырушы, жоғары санатты 2 жаттықтырушы, І санатты 5 жаттықтырушы, ІІ саннатты 6 жаттықтырушы жұмыс істейді. 136 топта 1750 оқушыны спортқа баулып отырмыз. Жаттықтырушылардың ерен еңбегі бар. Қай істің болсын, оңайы жоқ. Кейде қателіктер болып, жарақат алатын кездер болады. Оның бәріне бапкерлер жауап береді. Алайда «берілмеймін, чемпион боламын» деген оқушыны «шебер» етіп шығаруда ешқашан аянған емеспіз. Соның арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша үздіктер қатарында болдық. Жалпы есепте 6 Әлем чемпионы, 6 Азия чемпионы және 14 ҚР чемпионы шықса, сонымен бірге 13 күміс, 14 қола медалін иеленген жас спортшыларымыз бар. Болашақта олардан әлі де талай жеңістің хабарын күтеміз және сол жолда күш саламыз, – дейді мекеме басшысы Серік Алмағамбетов.
Аудан атын асқақтатқан өрендердің спорт саласына кең қанат қағып, өздерін танытуына мүмкіндік берген №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің алар орны ерекше. Айтулы мереке қарсаңында ұжым мен жас спортшыларға тек жеңісті күндер тілейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
17 тамыз 2024 ж. 262 0