Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортшылар жұлдызын жаққан

Спортшылар жұлдызын жаққан

Ауданда жас спортшылар буыны қалыптасып келеді. Жастардың спорт саласында жетістікке жетіп, әлемдік ареналарда алдыңғы орында болуы көңілімізді марқайтатыны жасырын емес. Бұл тұста жастарды спортқа баулып отырған «№19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үлесі зор деп айтуға толық негіз бар. Спортшылардың мерекесі қарсаңында аталған мекемеге арнайы барған едік.

Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 1964 жылы Арал қаласындағы №220 орта мектебінің спорттық базасында құрылған. Ашылған жылдары баскетбол, волейбол тәрізді спорт түрлері ғана жұмыс жасаған. 2005 жылдан бастап Қызылорда облысы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Ал 2014 жылдан бастап Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының №19 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі КММ болып қайта тіркелді. Мұнан соң да мекеменің атауы бірнеше мәрте өзгертіліп, 2022 жылдан маусым айынан бастап Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының «№19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» КММ болып тіркелді.
– Спорт мектебі ашылған 1964 жылдан бастап 2014 жылдың тамыз айына дейін мекеменің директорлық қызметін Ерғали Жұмамұратов, И. Д.Шульга, Көлбай Данабаев, Ерболат Қараев және Жалғас Бітімбаев атқарды. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында спортшыларымыз зор жетістіктерге қол жеткізді, – дейді қазіргі күні мектеп директоры қызметін атқарып отырған  Серік Алмағамбетов.
2021-2022 оқу жылында мектепте спорттың 11 түрінен 1192 бала тұрақты түрде айналысты. Оларға 26 жаттықтырушы тәлім берді. Осы жылы мектебіміздің спортшылары Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан 33 медаль иеленді.
– 2022 жылдың шілде айында грек-рим күресінен Бахрейн мемлекетінің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесі бойынша Алпамыс Болатұлы І орын, 52 келі салмақ дәрежесі бойынша Әмірмұхаммед Қабылов І орынды иеленді. Бұл жеңіс аудан мерейін өсіріп қана қоймай, еліміздің туын көкке көтертті. Осы тұста жетістікке бастамашыл бола білген  жаттықтырушысы Бахтияр Төлебаевтың еңбегін атап өту керек, – дейді мектеп директоры.
Аудан спортшылыры Әлем чемпионатынан  1 күміс, 1 қола медаль иеленді. Әмбебап жекпе-жектен Ташкент қаласында өткен кадеттер арасындағы Әлем чемпионатында Сырым Совет күміс жүлдегер, Дінислам Болатбекұлы қола жүлдегер атанған.
Аралдық спортшылар осылайша әлемді мойындатып отыр. Әңгімеге арқау болған спортшылар мектебінің бұл тек биылғы жетістігі ғана.  Мекеме құрылғалы бері талай шәкірттері спорт додасында топ жарып, жүлдені бермей келеді.

Н. БАҚЫРАН

20 тамыз 2022 ж. 512 0