Жастар арасында тартысты дода басталды

Осы орайда, Арал ауданының мәдениет және спорт бөлімінің «Арал спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Қазақстан «Спартак» дене тәрбиесі-спорт қоғамы республикалық қоғамдық бірлестігі Арал филиалының және ауданымыздың волейбол спорт түрінің бір топ жанашырларының ұйымдастыруымен, волейболдан ауыл жастары арасында Арал ауданының чемпионаты өз жалауын көтерді.
Жарыстың негізгі мақсаты – аудан көлемінде жастар арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, волейболды – командалық және олимпиадалық спорт түрі ретінде дәріптеу, қалыптастыру және дамыту,аудан, ауыл спортшы жастарының өзара қарым-қатынасын нығайту, волейболдан аудан құрама командасын іріктеп, жасақтау және спортшылардың спорттық деңгейін шыңдай түсу.
Аудан чемпионатына, ауданымыздың орталығы мен елді мекендерінен жалпы 10 команда қатысуда. Олар: «Арал» (Арал қаласы), «Аралқұм» (Аралқұм ауылы), Арал көпсалалы колледж (Арал қаласы), «Ардагер» (Арал ауданы), «Жақсықылыш» (Жақсықылыш кенті), «Қамбаш» (Қамыстыбас ауылы), «Қарақұм» (Абай ауылы), «Спартак» қоғамдық бірлестігі (Арал қаласы), «Сыр бойы» (Арал ауданының Сыр беткейінің құрамасы) және №19 орта мектеп (Жақсықылыш кенті).
Волейболдан аудан чемпионатының І-айналымы Сексеуіл кентіндегі №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залында 15 шілде күні өтті. Бұл күні тартысты 11 ойын өткізілді. Чемпионаттың ІІ-айналымын Қарақұм ауылындағы №59 орта мектебінің спорт залында өткізу жоспарланса, ІІІ және IV-айналымдары, сәйкесінше Жақсықылыш кенті мен Арал қаласында үстіміздегі жылдың қараша және желтоқсан айларында өткізіледі деп күтілуде.
Жарыстың бас төрешісі – «Арал спорт клубы» КМ мекемесінің жаттықтырушысы Дәурен Махамбетияров.
– Соңғы жылдары волейбол спортына деген аралдық жастардың қызығушылығы артып келеді. Олардың спортқа деген сүйіспеншілігін одан әрі дамыту масқатында аудандық турнир өткізуді жөн деп санадық. Әзірге бірінші кезеңді өткердік. Алда әлі тартысты додалар өтетін болады. Жарыс кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, спортшыларға жан-жақты жағдай жасалуда,– дейді жарыс төрешісі Д. Махамбетияров
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері спорт кубогтарымен, медальдарымен, дипломдарымен және аталымдар бойынша үздік ойыншылар естелік сыйлықтарымен марапатталады.
"Толқын" ақпарат