Шетелдік жаттықтырушылар жас спортшылармен кездесті
Kyzylorda-news.kz Жапония және Моңғолия мемлекетінен арнайы келген жаттықтырушылар Кондо Такеки мен Бақыт Одынайұлы және Давааням Алтангэрэл бүгін №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне барды.
Жас спортшылармен кездесу барысында қадірлі қонақтар Жапония мемлекетіндегі ең үздік білім беру ұйымы «Янагигаура» мектебі туралы айтып берді. Қазіргі таңда Жапониядағы аталмыш мектепте 10 елден келген 110 шетелдік оқушы тереңдетілген бағытта білім алуда. Мектеп ережесіне сәйкес, өзге мемлекеттен келген оқушылар 9-шы сыныптық білім негізінде сәуір айынан бастап ақылы түрде қабылданады. Сонымен қатар, тереңдетілген білім беруден бөлек, дзюдомен шұғылданушыларға толықтай жағдай жасалған. Онда жоғары дәрежелі жаттықтырушылар жас өрендерге кәсіби түрде дәріс береді.
Білім алуда үздік нәтиже көрсетіп, спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізген оқушыларға мектеп атынан арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Кездесу соңында дзюдошылар қадірлі қонақтарға «Янагигаура» мектебі туралы өз сауалдарын қойып, олармен бірге естелік суретке түсті.
Фото: Қызылорда облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы