Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізді өлкедегі іргелі білім ордасы

Теңізді өлкедегі іргелі білім ордасы

Арал ауданы - өңірдегі білім деңгейі бойынша алдыңғы қатардағы үздік аймақтардың бірі. Бүгінде теңізді өлкеде мектепке дейінгі 60 білім беру ұйымы қызмет етеді. Тиісінше, онда 4 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал, Арал ауданына қарасты 48 жалпы орта білім беретін мектепте 17 мыңнан астам оқушы қамтылған. Осы білім ошақтарындағы орны ерекше саналатын Арал қаласындағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы білім саласындағы озық тәжірбиелерді енгізіп, оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап келеді. Күні кеше Өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен арнайы баспасөз туры өткізіліп, БАҚ өкілдері теңізді өлкеде білім маржанын сүзіп жүрген оқушылардың жетістігімен жақын танысты.
Жалпы, Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп - гимназиясы "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша іргетасы қаланып, 2009 жылы ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Алғашқы жылы 600-ге жуық оқушымен есігін айқара ашқан білім ошағында бүгінде барлығы 1242 оқушы қамтылған. Оларға 117 мұғалім білім береді.
-Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша соңғы 5 жылдықта облыстағы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Оқушыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда өз білімдерін көрсетіп, жүлделі орындарға да ие болуда. Біздің мектеп әрқашан оқушылар мен ұстаздардың тың жобаларына қолдау көрсетіп, сапалы білім алуына жағдай жасайды, - деді мектеп директоры Руслан Сисенов.
Сондай-ақ, мұнда балалардың қосымша үйірмелерге қатысуына да толықтай мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, «Ұлттық мектеп лигасы», «Дебат» клубы, «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп театры» сынды 41 үйірме жасақталған. Бұдан бөлек, білім алушылардың заманауи үлгідегі озық тәжірбиелерін одан әрі дамыту мақсатында киностудия, жас мобилографтар үйірмесі жұмыс істеуде. Бұған қоса, ұлттық ойындарымызды жаңаша тәсілмен жаңғыртқан «Ақ сүйек», «Қыз қуу», «Көкпар» ойындары да оқушылардың қызығушылығын ерекше арттыруда.
-Өзім дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өзіміздің ұлттық ойындарымызды түрлі бағытта жаңғыртуға тырысудамыз. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының бұл ойындарға қызығушылығы жоғары. Дене саулығымен қатар ой-танымын дамытуға қолдан келгенше өз үлесімізді қосудамыз, - деді мектеп мұғалімі Д. Сағымбаев.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
05 сәуір 2024 ж. 245 0