Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің Білім күніне арнаған мерекелік құттықтауы

Аудан әкімінің Білім күніне арнаған мерекелік құттықтауы

Құрметті жерлестер, қадірлі ұстаздар мен оқушылар! Баршаңызды 1 қыркүйек – білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздарға тиесілі» деген тәмсіл әлі күшін жойған жоқ. Болашақ иелерінің келешегін көрікті, ертеңін еңселі ету жолында аянбай еңбек ете білген ұстаздардың ұлтқа деген елеулі еңбегі қашанда өлшеусіз.
Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндіктерді қарастыру қай уақытта да біздің басты міндетіміз болып табылады. Аудан мектептерінде заманауи үлгіде өркениет талабына сай жас санаға сапалы білім беруге бар жағдайды жасап, алаңсыз тәлім алуына қолайлы мүмкіндіктер туғызуды күн тәртібінде ұстап келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан жаңару мен жаңғыру жолы» атты стратегиялық Жолдауында білім саласының көкжиегін кеңейтуге даңғыл жол ашылған. Осы ретте ауданымыздағы білім ұяларында 17866 оқушы ұстаздар тарапынан дәріс алатын болса, олардың ішінен 1700 оқушы алғаш рет мектеп партасына отырады. Сондай-ақ осы жылдан бастап ұлқыздарымыз бен ата-аналарға тағы бір жағымды жаңалықты атап өткеніміз жөн. Яғни, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің оқу жүктемесін азайту бастамасы негізінде барлық мектеп 5 күндік жұмыс форматына толықтай көшірілетін болды. Білім беру ұйымдары арасында облыстық дәстүрлі тамыз кеңесі аталып өтіліп, аталмыш шарада білім саласындағы жетістіктер сараланған еді. Онда Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы арнайы сертификатқа қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтатты. Арал қаласындағы 200 орындық №71 мектеп-интернаты 100 орындық жатақханасымен таяу күндері ел игілігіне жарайды деп күтілуде. Бұдан бөлек, Тоқабай елді мекеніндегі апаттық жағдайда деп танылған 100 орындық №248 орта мектебінің ғимаратын қайта салу үшін жұмыстар қолға алыну үстінде.
Құрметті ұстаздар, қадірлі ата-аналар!
Биыл ауданымыз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 651 оқушының 400-ден астамы жоғары оқу орындарының, ал 6-ы облыс әкімінің грант иегері атанды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғандай 8 пайызға артып отыр.
Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы жемісті еңбектеріңіз үшін алғаусыз алғыс айта отырып, осынау білім күнінде зор денсаулық, толағай табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Шәкірттеріңіз сан алуан жетістіктермен қуантып, ұстаздарымыздың қабілет-қарымы арта түссін.

Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов
01 қыркүйек 2022 ж. 526 0