Ақерке Жұмадинова - әлем чемпионы

- Қоян-қолтық ұрыс спортымен айналысып жүргеніме бір жылдан асты. Бұған дейін дзюдо, самбо және қазақша күрес түрлерімен айналысып, мол тәжірибе жинадым. Бұл спорт түрлері менің техникамды жетілдіріп, шыдамдылық пен төзімділікке баулыды. Әлем чемпионатына ұзақ және тыңғылықты дайындық жүргізілді. Чемпионатта 50 кг салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Бұл салмақ дәрежеде 10-нан аса мықты спортшы қыздар жарысқа түсті. Қарсыластарымның барлығы жоғары деңгейдегі шеберлер болды. Дегенмен үздіксіз дайындықтың, табандылықтың және қажырлы еңбектің нәтижесінде мен жеңіске қол жеткіздім. Алдағы уақытта да осы бағыттағы еңбегімді жалғастырып, шеберлігімді арттыра бермекпін. Елімнің намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғау - басты мақсатым, - деді Ақерке Бауыржанқызы.
Қоян-қолтық ұрыстың төрт түрі бар.
- Олар: спорттық қоян-қолтық ұрыс, армиялық қоян-қолтық ұрыс, толық түйіспелі қоян-қолтық ұрыс және кейін қосылған өзін-өзі қорғану түрі. Ақерке әлем чемпионатына дейін де көптеген спорттық жарыста жүлделі орындарды иеленіп, тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүрді. Әлем чемпионатына дайындық ұзақ әрі жүйелі түрде жүргізілді. Жарысқа іріктеу кезеңі ақпан айында өтті, сол кезде Ақерке бас жүлдені иеленіп, чемпионатқа жолдама алды. Әр кезеңде спортшының техникасы мен физикалық дайындығы барынша шыңдалды, тактикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлдік. Ақеркенің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында осындай жоғары жетістікке қол жеткіздік, - деді Нұрлан Естерекұлы.