Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайрат» Еуропаның үздіктерімен күш сынасады

«Қайрат» Еуропаның үздіктерімен күш сынасады

Алматылық «Қайрат» биыл қазақстандық жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлады. UEFA Чемпиондар лигасының төрт іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, енді негізгі кезеңде бақ сынайды. Алдағы уақытта елімізге Еуропаның беделді клубтары келіп, қызықты ойындарды тамашалауға мүмкіндік аламыз. Оны ел футболындағы елеулі оқиға ретінде санауға толық негіз бар. Осыдан он жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2014 жылы елордалық «Астана» осындай биіктен көрінген еді.

Доп додасы басталар алдында жанкүйерлер «Қайраттан» мұндай зор табысты күткен жоқ. Өйткені, негізгі кезеңге дейін команда төрт қарсыласын айналып өтуі тиіс. Олардың арасында осалы жоқ. Әрбір кездесу аса тартысты өтетіні анық. Десе де бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің жетекшілігімен команда барлық қарсыласына тыңғы­лықты дайындалды. Осының нәти­же­сінде жасыл алаң төріндегі тартысты бәсекеде қазақстандық клубтың мерейі үстем болды.

Рас, турнирдің плей-офф кезеңінде «Қайратқа» Шотландияның «Селтик» командасы қарсылас атанғанда екі­ұдай сезімде болған едік. Оның се­бебі де жоқ емес. Глазго қаласының өкіл­дері қазірге дейін Чемпиондар ли­га­сында қазақстандық клубтармен үш мәрте жолыққан еді. Барлығында шот­лан­диялықтар қапы қалдырып кетті. Алдымен 2013 жылы Чемпиондар ли­гасы плей-офф кезеңінде қарағандылық «Шахтерді» (0:2, 3:0) жеңіп, топтық ке­зеңге жолдама алды. Ал елордалық «Астананы» 2016 жылы Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде (1:1, 2:1), 2017 жылы плей-офф кезеңінде (5:0, 3:4) қапы қалдырды.

«Қайрат» аталған қарсыласымен сырт алаңдағы кездесуде 0:0 есебімен тең түсіп қайтты. Бұл қарымта ойын­ның жауапкершілігін арттыра түскен еді. Себебі, екі команда да жарыс­ты жал­ғастыру үшін бар күшін сала­ты­ны белгілі болатын. Дегенмен түрлі себеппен алматылық команда сапы­нан бірқатар футболшының жасыл алаң­ға шыға алмайтыны белгілі болды. Ал­ған сары қағазының көптігіне байла­нысты Дастан Сәтпаев, жарақаты сал­­да­рынан шабуылшы Эдмилсон ко­ман­­дасына көмектесе алмайтыны анық­талды. Есесіне қорғаушы Луиш Мата жарақатынан айығып, алғашқы ми­нуттан негізгі құрамда шықты. Қар­сы­ластар алғашқы минуттан жылдам гол соғуға тырысты. Деген­мен өз мүм­кіндігін пайдалана алмады. Шот­лан­­диялық команданың белсен­ділігі аса байқалған жоқ. Есесіне «Қайрат» қар­сыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Екінші кезеңде де командалар шабуылға жиі шықты. Соған қарамастан қақпаға гол соғылған жоқ. Екі ойындада 0:0 есебі тіркелді. Сондықтан ойын қо­сымша кезеңге ұласты. Қосымша ке­зеңде жеңімпаз анықталған жоқ. Пе­нальти тебуде «Қайрат» жеңімпаз ата­нып, олар Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.

Ойын барысында алматылық қақ­пашы Темірлан Анарбековтің еңбегін ерекшелеп айта кеткеніміз жөн. Ол кез­десуде қарсылас команданың көпте­ген соққысына тойтарыс берді. Ал пеналь­ти сериясында үш мәрте доп­ты кейін қайтарды. 2003 жылы 14 қа­зан­да Атырау қаласында дүниеге кел­ген ол 2017 жылы «Қайрат» футбол клу­бы­ның академиясына қабылданды. 2020 жылы 17 жа­сында Премьер-лигадағы алғашқы ойы­нын өткізді. Ал 2022 жылы Бірінші ли­гада ойнайтын «Қайрат-Жастар» ко­мандасының капитаны болса, 2024 жылы елордалық «Жеңіс» клубының намысын қорғады. Өз клубына биыл қайта оралып, толайым табысқа кене­луіне үлес қосты.

Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында Рафаэль Уразбахтин ко­манданың табысы жөнінде ағынан жа­рылды.

– Біз мереке сыйлай алғанымызға қуаныштымыз. Бірақ бұл – жеңіс тек менің еңбегім емес, клубымызда жұмыс істейтін барлық қызметкердің еңбегі. Мен үнемі қақпашылар бапкеріне сенім артамын. Словакияда болғанда ол Александр Заруцкийді негізгі құрамда шығаруды ұсынды. Алматыдағы ойын­да Темірланға сенім білдірдік. Қақ­па­шымыз көп сәтті құтқарып қалды. Чемпиондар лигасында негізінен үздік клубтар сынға түседі. Енді алдағы қар­сыластарымыз мейлінше даңқты ко­ман­далар болғанын тілейміз, – деді Рафаэль Уразбахтин.

Ал «Селтиктің» бас бапкері Брэндон Роджерс өз қателігін мойындады. Өз шәкірттерінің төменгі деңгейде ойна­ғанын жасырған жоқ.

– Біздің көптеген мүмкіндігіміз болды, бірақ оны пайдалана алмадық. Жалпы ойын деңгейі төмен болды. Мұн­дай ойындарда гол соқпасаң, пе­нальти сериясында бәрі де болу мүмкін еді, – деді ол.

Қазақ футболы үшін маңызды же­ңістен кейін Орталық стадионға жи­налған жанкүйерлер ұзақ уақыт тар­қамай, ән айтып, ұрандатып жүрді. Ал қала символдарының бірі – «Көктөбе» мұнарасы «Қайрат» футбол клубының түсіне боялып, онда команданың эм­бле­масы көрсетілді.

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін «Қайрат» 18,62 миллион еуро (11,6 миллиард теңге) табыс тапты. Жалпы кезеңде жеңіс үшін – 2,1 миллион еуро (1,3 миллиард теңге), ал тең ойын үшін – 700 мың еуро (436 миллион теңге) сыйақы қа­рас­тырылған.

Енді негізгі кезеңде барлығы 36 команда сынға түседі. Әрбір команда сегіз ойыннан өткізеді. Бірінші тур биыл 16 қыркүйекте басталса, сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында бо­лады. Ал плей-офф 16-18 ақпан, 1/8 фи­нал 10-11 наурыз, 1/4 финал 7-8 сәуір, 1/2 финал 28-29 сәуір, финал 30 ма­мырға белгіленген.

Алматылық «Қайраттан» өзге не­гізгі кезеңге кипрлік «Пафос» және норвегиялық «Буде Глимт» жолдама алды. Оған дейін жарыстың аталған сатысында сынға түсетін 29 команда белгілі болды. Олардың қатарында «Тот­тенхэм», «Ливерпуль», «Арсенал», «Ман­честер Сити», «Челси», «Нью­касл» (барлығы – Англия), «Наполи», «Интер», «Аталанта», «Ювентус» (бар­лығы – Италия), «Барселона», «Реал», «Атлетико», «Атлетик», «Вильярреал» (барлығы – Испания), «Бавария», «Ба­йер», «Айнтрахт», «Боруссия Дорт­мунд» (барлығы – Германия), «ПСЖ», «Марсель», «Монако» (барлығы – Фран­ция), ПСВ, «Аякс» (екеуі – Ни­дерланд), «Спортинг» (Португалия), «Юнион» (Бельгия), «Галатасарай» (Түр­кия), «Славия» (Чехия) және «Олим­пиакос» (Грекия) бар.

Енді 27 тамызда Әзербайжанның «Карабах» және Венгрияның «Ференц­варош» (бірінші ойын – 3:1), Бельгияның «Брюгге» және Шотландияның «Рейнд­жерс» (бірінші ойын – 3:1), Португа­лиян­ың «Бенфика» және Түркияның «Фе­нербахче» (бірінші ойын 0:0), Да­нияның «Копенгаген» және Швей­царияның «Базель» (бірінші ойын – 1:1) жұптарында жеңімпаз анықталады.

Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
28 тамыз 2025 ж. 64 0