Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жансұлтан мен Жанболат жарады!

Жансұлтан мен Жанболат жарады!

Баламыз ғой. Ауылда қой бағып, бұзау қуудан басқаны көрмеген біздер үшін қаланың көрінісі арман еді. Сол кездің өзінде ата-анамыз Аралға қарай кетіп бара жатса ізінен қалмай жылаушы едік. Бар ойымыз – қалаға барып тәттіге тіс батыру. Бірақ көбінесе тастап кететін. Сонымен не керек, «онда ананы әкеп бер, мынаны әкеп бер» деп қала беруші едік. Кейде сол қалаға баруды аңсап медбике апайдың сары ауруға қарсы салған екпесінің орнына әдейі су тигізіп, қолымызбен тырналап ісіруге тырысушы едік. Бар мақсатымыз – қалаға бару ғой. Бірақ көбіне бұл жоспарларымыз да жүзеге аспайтын.
Мұның барлығын неге айтып отыр дейсіздер ғой. Шүкір, қазіргі балаларға қарасаң, қала көріп жүр, дала көріп жүр. Мектеп жасында болса да талабы барлар тасада қалмайтын болған. Үлкенді-кішілі бәсекелерге де барып, бақ сынап жүр. Біз бала күнімізде мұндай жарыстардың біріне де қатыспайтынбыз. Бәлкім, мұндай бәсекелер біздің кезімізде аз болған шығар немесе басқа себеп. Кім білсін, әйтеуір біздің тоғыз жылдық мектеп қабырғасындағы шақтарымыз тек ауылда ғана өтті.
Жақында өз ауылым ерімбетжағалық жастардан жақсы жаңалық естіп, бір марқайып қалдым. Тойбазар ағамыздың бел баласы Жансұлтан Байқоңыр қаласында бокс федерациясы кубогы үшін өткен жасөспірімдер арасындағы турнирден І орынды қанжығасына байлапты. Жалғыз ол емес, тағы бір ауылдың қара баласы Жанболат Дәулетов те жүлделі ІІІ орынды еншілепті. Бұл жас боксшыларды дайындап жүрген қала баласы, ауылдағы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрасыл есімді азамат.
Иә, спорт пен өнердегі жетістігін осындай жарыстардан бастап, қазақтың көгінде қалықтаған сайыпқырандардың барлығы ауылдан шықты емес пе?! Ауыл баласынан барлық саланың чемпионы шығатынын біз білетінбіз. Міне, бүгінде сол сатының алғашқы қарлығаштары өздерінің жарысын жеңіспен аяқтап отыр. Былғары қолғапты киюге де бап керек екенін жас күнінен ұққан баладан чемпион шығады. Бұл – осы саланың дәлелдеп берген айнымас қағидасы. Жүлде құтты болсын, жерлестер!
А.Бисенов
22 сәуір 2019 ж. 1 516 0