Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірде соңғы үш жылда 21 заманауи спорт кешені пайдалануға берілді

Өңірде соңғы үш жылда 21 заманауи спорт кешені пайдалануға берілді

Спорт саласын серпінді дамытуда спорт инфрақұрылымын жетілдіру айрықша маңызға ие. Себебі заманауи әрі қолжетімді спорт нысандары кәсіби және бұқаралық спорттың қарқынды дамуына жол ашады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында барлық облыстар мен елдімекендере спорт инфрақұрылымын, соның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу мәселесіне ерекше тоқталған болатын.
Осыған сәйкес, облыста соңғы үш жылда «Ауыл = ел бесігі» бағдарламасы аясында 21 заманауи спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Алдағы уақытта ауылдық елдімекендерде соңғы үлгідегі тағы 5 спорт ғимараты ашылады деп жоспарлануда. Жалпы бүгінде облыс бойынша 1538 спорт ғимараты халыққа сапалы қызмет етуде.
Биыл Мемлекет басшысы және Үкіметтің ерекше қолдауымен, аймақ басшысының бастамасымен Қызылорда қаласының сол жағалауында Сыр жұртшылығы асыға күткен құны 26.5 млрд теңгені құрайтын УЕФА-ның 4-ші санатына сәйкестендірілген 11 мың орындық жаңа стадион Қазақстан Кубогының финалдық ойынымен ресми түрде ашылды. Жаңа стадион «Kaysar Arena» тек спорттық шараларды ғана емес, ауқымды мәдени іс-шараларды өткізуге де мол мүмкіндік беретін бірегей спорттық нысан.
Сондай-ақ, алып нысанда олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, спорттық гимнастика, таеквондо, ауыр атлетика, күрес түрлеріне арналған залдар мен фитнес залдары жыл он екі ай көлемінде ел игілігіне қызмет жасайтын болады.
Спорттық инфрақұрылымды қарқынды дамыту бағытындағы тағы бір жаңа жоба – құны 20 млрд. 500 млн теңгені құрайтын аумағы 25 мың шаршы метрлік көпбейінді «Kyzylorda Arena» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Кешенде олимпиадалық стандартқа сай 50/25 метрлік жүзу бассейні және олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары қамтылады. Бұл нысанда Әлем және Азия чемпионаттары мен халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған 2500 орындық зал қарастырылған. Одан бөлек, спорттық нысан түрлі деңгейдегі форумдар мен мәдени бағыттағы іс-шараларды өткізуге мол мүмкіндік бермек.
Өңірде спорт саласын қарқынды дамытуға ұлттық компаниялар, қорлар және жергілікті кәсіпкерлер де белсенді атсалысуда.
Соның бірі – 2024 жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлескен түрде құны 3 млрд. 400 млн теңгені құрайтын «Теннис орталығы» ашылды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен қаланың сол жағалауында құны 2 млрд. 900 млн теңгеге ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.
Аталған қордың көмегімен осы жылы Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері салынып, ауыл тұрғындарына табысталды.
Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» бағдарламасы аясында 2024 жылы Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртудан өткен болатын. Биыл да федерация қолдауымен Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, аудан жұртшылығы мен спортшыларына пайдалануға берілді.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының ерекше қолдауымен жеке теңгерімдегі «Тарлан» спорт кешені басқарма меншігіне беріліп, «Қызылорда ерлер және әйелдер бокс клубы» болып ресми түрде ашылды. Ғимарат демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай толық жаңғыртылды. Қазіргі таңда бокс клубында ерлер мен әйелдерге арналған екі бокс залы, 40 адамдық қонақ үй, соңғы үлгідегі жаттығу залы және спортшыларға арналған асхана жұмыс істейді.
Осылайша, 2025 жылдың қорытындысымен облыста халықтың спорттық инфрақұрылымдармен қамтылу көрсеткіші 56,5 пайызға жетті.
Бүгінде өңірде 377 мыңнан астам тұрғын яғни халықтың 44,6 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан. Осыған сәйкес, жыл басынан бері облыста 146 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 26 980 адам қатысты.
Биыл Сыр спортшылары да тарихи жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік ареналарла ел мерейін үстем етті.
Атап айтқанда, Қазақстан тарихында грек-рим күресінен 26 жылдан кейін Әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали, бокстан Әлем Кубогының жеңімпазы Нұрсұлтан Алтынбек, бокстан Азия чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері Гүлсая Ержан, Зарина Толыбай, Ақбота Болат, дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатынан қола жүлдегері Сұлтан Бейбарыс пен Бақытбек Көркем және Азия ойындарының жүлдегерлері Абылайхан Жұбаназар, Мағжан Шамшадин, Еламан Ерғалиев, стенд атудан Азия чемпиондары Айсалбаев Әлішер, Коломоец Максим, Айсалбаев Асылхан, мәнерлеп сырғанаудан бірнеше дүркін халықаралық турнирлердің жеңімпазы Артур Смағұлов, отырып ойнау волейболынан Азия және Әлем Кубогының жеңімпаздары Қасқабаев Эрик, Медеуов Шыңғыс, Әбдібек Ерасыл, ауыр атлетикадан Әлем және Азия чемпионатының жеңіпазы Сәулебеков Ерасыл, Ерсейіт Бейбарыс, Ернұр Мырзахмет, пара дзюдодан Әлем Кубогының жеңімпазы Айдана Ғазизқызы, пара пауэрлифтингтен Әлем чемпиондары Бойко Снежанна мен Фариза Төлжан ел абыройын асқақтатқан болатын.
Жалпы биыл облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 158 алтын, 154 күміс, 227 қола медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 55 алтын, 38 күміс, 53 қола жүлдеге ие болды.
Биыл қызылордалық 2 спортшы ҚР Еңбек сіңірген спортшы атағына ие болса, 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ал 45 спортшы ҚР спорт шебері атанса, 975 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атағына қол жеткізді.
Жалпы спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама сапына Қызылорда облысынан 585 спортшы енгізілген.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
21 желтоқсан 2025 ж. 44 0