Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркін күрестен Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы екі алтын алды

Еркін күрестен Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы екі алтын алды

Еркін күрестен Қазақстан командасы Сиянь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатынан 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен оралды. Бұл біздің балуандар үшін құрлықтағы жоғары нәтижелердің бірі. Еркін күрестен ұлттық құрама бас бапкері Әсет Серікбаев Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, Сиянь кілеміндегі қазақ балуандарының аяқ алысын бағалады.  "Біз Азия біріншілігіне жастардан жасақталған команда апардық. Қазақстан Спартакиадасында топ жарған балуандардың барлығы құрлық додасына қатысу мүмкіндігін алған. Жалпы алғанда, жігіттердің қарқыны жаман емес. Кейбір салмақтарда "әттеген-айлар" болды. Дегенмен де, жастар үшін бұл үлкен тәжірибе екені анық.  57 келідегі Мейрамбек Қартбай үшін бұл алғашқы ірі халықаралық дода. Оған сөзсіз тәжірибе жеткен жоқ. 61 келідегі Бауыржан Төребектің де жағдайы осыған ұқсас. Бір жыл бойы жарақатына байланысты кілемнен шеттеп қалған ол бабына еніп үлгермеді. Бұл екі спортшы да өз мүмкіндігін толығымен көрсетті, тактикалық тұрғыдан қате жіберіп, қарсыласынан айнала қашқан жоқ. Өз деңгейлерінде күресіп шықты.  65 келіде белдескен Саятбек Оқасов құрамадағы ең білікті балуандардың бірі. Ол былтырғы Азия ойындарының жүлдегері. Биылғы чемпионат финалында ол екі дүркін әлем чемпионы атанған үнділік спортшыдан жеңілді. Меніңше, Саятбек функционалды тұрғыдан қателік жіберді. Әйтпесе, белдесу аяқталуына санаулы уақыт қалғанда біздің спортшымыз 7:2 есебімен алда тұрған. Осы басымдықты сақтай алмады.  70 келідегі жас балуанымыз Нұрқожа Қайпановқа бапкерлер де, жанкүйерлер де риза шығар. Ересектер қатарына енді ғана өткен спортшы. Былтыр жастар арасындағы Азия біріншілігінде үштікке енген.  74 келі салмақтағы Данияр Қайсанов барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Ешкімге мүмкіндік берген жоқ. Ол Азия ойындарының финалында күресткен, тісқаққан балуан. Сондықтан, одан әлемдік турнирлердің жүлдесін күтеміз.  Бапкер ретінде 79 келідегі Ғалымжан Өсербаев Азияның алтынын алады деп үміттенген едім. Ойлағанымдай болмады. Жартылай финалда Үндістан өкілінен 2:3 есебімен ұтылды. 86 келідегі Әділет Дәулембаев алғашқы белдесуде Ливан атынан шығатын, бірақ Америкада туып-өсіп, сол жақта жаттығатын балуанмен кездесті. Өте тартысты өткен жекпе-жек Әділеттің жеңісімен аяқталған. Алайда, келесі белдесуге дейін аз уақыт берілді де, ол қалпына келіп үлгермей, өзбек балуанынан ұтылды. 92 келідегі Ералы Әбдірашев те алысқа барған жоқ. Десе де, оны талантты спортшылар қатарына қосамын.  97 келідегі Ерғали Әлішерден өз басым үлкен үміт күтемін. Ол өткен жылы 92 келіде күресіп, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген. Биыл ересектер арасына өтіп, салмағын арттырып, Азия чемпионатының жартылай финалында азулы ирандық балуаннан сескенген жоқ. Тек, сәл ғана тәжірибе жетпей қалды. Ол бапкерлер сенімінен шығып тұрған балуан.  125 келідегі Олег Болтин физикалық жағынан өте мықты. Бірақ психологиялық тұрғыдан ақсап тұр. Егер осыны реттейтін болса, Болтин де ұзаққа баруы мүмкін.  Азия біріншілігі өз елімізде өтетін әлем чемпионаты қарсаңындағы үлкен дайындық саналады. Лицензиялық әлем біріншілігінде балуандар аянып қалмайды деген сенімдемін", - деді Әсет Серікбаев.
https://kaz.tengrinews.kz​​​
13 мамыр 2019 ж. 808 0