Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапарбаев Азия чемпионы Нұрислам Санаевқа пәтер кілтін табыс етті

Сапарбаев Азия чемпионы Нұрислам Санаевқа пәтер кілтін табыс етті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың ашылуына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балуан Нұрислам Санаевқа пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында еркін және әйелдер күресінен 1998 - 2000 жылы туған жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Спортшыларды құттықтап, Наурыз мерекесіне орай тілегін айтқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев көптің алдында ел намысын қорғаған Нұрислам Санаевқа сый жасады. Бішкек қаласында өткен еркін күрестен Азия чемпионатының чемпионы Нұрислам Санаевқа 2 бөлмелі пәтердің кілтін және 1 миллион теңге сыйақы табыстады. Ал, Нұрисламды жарыс жолына дайындаған жаттықтырушысы Бауыржан Нұрмахановқа 300 мың теңге, грек-рим күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған Мейрамбек Айнағұловқа 300 мың теңге және жаттықтырушысы Рақымжан Бақытжановқа 200 мың теңге сыйақы берді.  
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әруақытта спортты, күресті қолдаймыз. Өңірде Жекпе-жек сарайы салынды. Бұл да Елбасы тапсырмасының орындалғаны деп білеміз. Жаңа спорт сарайы күрестің дамуына септігін тигізеді. Спорт қолдау тапса, спортшылар шыңдалып, Қазақстанның абыройын көтереді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Жарысқа еркін күрестен Олимпиада ойындарының чемпионы (Афина 2004ж), бес дүркін әлем чемпионы, үш мәрте Еуропа чемпионы, Қазақстан еркін күрес академиясының басшысы және бас жаттықтырушысы Хаджимурат Гацалов қатысты.
«Спортшылар Олимпиада, әлем чемпиондарының бәрі қарапайым адам екенін ұмытпау керек. Өзіңе сеніп, тынбай еңбек етсең, алынбайтын қамал жоқ. Әрі бәрінің чемпионы болуы мүмкін емес. Ал жаттығу кезінде алған тәлім, дайындық өмірде қажет болады. Күрес үшін барлық жағдайды жасаған өңір басшылығына алғысымызды айтамыз.
Жас балуандардың өз тегін, ел атын шығаруға мүмкіндік жасалған»,- деді ол. Ақтөбеде өтіп жатқан жарысқа еліміздің барлық аймағынан 300-ге жуық балуан қатысып жатыр. 23-24 наурыз күндері чемпионаттың финалдық ойындары өткізіледі.  


23 наурыз 2018 ж. 1 222 0