Үстел теннисі: Жәния Бекмұхамбетова халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды
Жәния Бекмұхамбетова үстел теннисінен Словенияның Оточец қаласында өткен WTT Youth Contender халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.Қазақстан құрамасының өкілі U13 жас санатында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалға дейін словениялық Эму Калужамен, үндістандық Каавья Саринмен, сингапурлық Линь Цзяцзюньмен, хорватиялық Стелла Пресецкимен, Ника Грегурецпен, Петра Липовшчакпен ойнап, бәрін бірдей 3:0 есебімен жеңді. Финалда Сингапур өкілі Хуан Кристалдан 3:1 есебімен басым түсті.
Бұған дейін Жәния Бекмұхамбетова Хорватияда өткен WTT Youth Contender турнирінде күміс жүлдегер атанған еді. Ал үлкен теннисте Елена Рыбакина US Open турнирі басталар алдында WTA чемпиондық жарысында көш бастады. Ол рейтингте 5492 ұпай жинап, бірінші орында келеді. Екінші орында Беларусь өкілі Арина Соболенко (5185), үшінші орында Ресей спортшысы Мирра Андреева (5184) тұр.
Үздік бестікте америкалық теннисшілер Джессика Пегула (5045) мен Кори Гауфф (4874) бар.
Сурет: Ұлттық Олимпиада комитеті







