Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Өзін жаманатты қылып алды": Данияр Елеусінов Геннадий Головкинмен арадағы дау туралы

"Өзін жаманатты қылып алды": Данияр Елеусінов Геннадий Головкинмен арадағы дау туралы

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов отандасы Геннадий Головкинмен арада болып жатқан жағдайға қатысты пікір білдірді,

«Біреу туралы жаман ешнәрсе айтқым келмейді, біреуді қаралауды, тіпті, ойлаған емеспін. Меніңше, бар болғаны Геннадий осы әрекетімен өзін жаманатты қылып отыр. Ол біздің Қазақстанның атынан шығатындықтан және отандасым болғандықтан, оған табыс пен жеңіс тілеймін. Менің түсінгенім бойынша, ол менің бұрын бір сұхбаттарымда айтқан сөзге бола ренжіп қалған. Бірақ ол менімен Нью-Йорктегі кездесу барысында бетпе-бет сөйлесуіне болатын еді», - дейді Данияр Елеусінов. 
Әрі қарай ол ешкімге іштей реніші жоқ екенін, сондай-ақ, 25 мамыр күні болатын жекпе-жекке қызу дайындық үстінде екенін айтып өтті. Мұнымен қатар, белгіленген мерзімнен екі апта бұрын өтуі тиіс кездесуге дайындалуы керектігі айтарлықтай жайсыздық тудырып жатқанын жасырмады. 
«Ал менің орныма шығатын өзбекстандық Мадридовтың бұған еш қатысы жоқ. Ол жақсы, мықты жігіт. Әуесқой бокста мен оны екі рет ұтқан болатынмын. Ол бар болғаны осы орында болып қалды», - дейді қазақстандық боксшы. 
Сондай-ақ, отандасы Фируза Шәріповаға сәттілік тілеп, Геннадий Головкинмен болған жағдайда қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. 
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Геннадий Головкиннің Данияр Елеусіновті андеркардында жұдырықтасуына кедергі келтіргені туралы жазылды. Алайда боксшының өзі мұны жоққа шығарды. Кейін Зия Алиев мұны айғақтайтын дәлелдер барын айтып, оларды көпшілікке ұсынуға дайын екенін жеткізді.
23 мамыр 2019 ж. 849 0