Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Qazaq kuresi Польшада

Qazaq kuresi Польшада

Бүгін 7 маусымда Польша қаласы Вроцлавта Qazaq kuresi спортынан Еуропа чемпионаты басталады. Еуропа чемпионатының ұйымдастырушысы – Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев басқаратын Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы.

Еуропа чемпионатына Албания, Армения, Әзербайжан, Австрия, Беларусь, Болгария, Кипр, Эстония, Грузия, Грекия, Исландия, Израиль, Италия, Латвия, Литва, Молдова, Норвегия, Польша, Румыния, Ресей, Сербия, Словения, Испания, Украина секілді 24 елден 120 балуан қатысып отыр.
Бозкілемде кездесулер сегіз салмақ дәрежесінде өтеді. Сондай-ақ, абсолют салмақ дәрежесінде де медальдар сарапқа салынады.
«Вроцлавта Еуропа чемпионатын өткізуге жоспарлы түрде дайындалдық. Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы жарысқа толығымен жайлы жағдай жасады. Еуропа чемпионаты екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Қатысушы елдердің географиясы ғана артып қоймай, қазақ күресінің көпшілікке танылып келеді. Иран, Грузия секілді кейбір елдерде қазақ күресінен балалар клубтары ашылды. Спортшыларға, бапкерлерге және де жанкүйерлерге жағымды әсерлер мен жеңіс тілейміз», - деді Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының президенті Қанат Бозымабев. 
Польша қаласы Вроцлавтың тарихи символы гном Еуропа чемпионатының бойтұмарына айналды.
Грузиялық балуан Торнике Джугели (100 кг) 3 жылдан бері Qazaq kuresi спортымен айналысады. Осыған дейін ол 15 жыл дзюдомен шұғылданып келген.
"Осыған дейін Грузия чемпионатын жеңдім, бірақ халықаралық жарыстарға  қатыспадым. Біздің де ұлттық күресіміз бар. Екеуі бір-біріне ұқсайды. Қазақтар Грузияға келгенде бізге осы спорт туралы бәрін түсіндірді. Сондықтан ешқандай қиындық туындамады. Қазақ тілін білмесем де, күрес ережелерін жақсы білемін", - дейді балуан.
Былтыр жарақаты салдарынан Батумиде өткен Еуропа чемпионатына қатыса алмаған ол биыл жеңіске жетуді көздейді. Грузия құрамасы чемпионатқа барлық салмақ бойынша қатысады. Оның айтуынша, Польшаға абсолют дәрежесінде де мықты балуан келіп отыр. Ал былтырғы жылы Еуропа чемпионы болған Гурам Тушишвили дзюдо спортына тыңғылықты ден қоюына байланысты биыл жарысқа қатыспайды.
Албания құрамасының бапкері Люджия чемпионатқа шағын құрамамен келгенін айтты. Бұл спорт туралы ол болгариялық досынан естіп білген.
"Еуропа чемпионатына екінші рет қатысқалы жатырмыз. Алғаш рет Батумиде күресіп, 60 келі салмақта 5-орын алдық. Жақсы тәжірибе жинап, тағы да қатысуды жөн санадық. Вроцлавқа 6 адам келіп отырмыз, бір бапкер және 5 спортшы (60, 74, 82, 90, -100 кг). Батумиде өткен семинарда қазақ күресімен алғаш рет таныстық. Аздап қиын болғанымен, практика жүзінде жеңіл бола түсті. Ережесін, кез келген тұсын алып қарасақ та өзгеше күрес. Ол кезде ештеңе білмедік. Видеодан көріп алдық. Былтыр медаль алуға мүмкіндік болды, бірақ кәсіби айналыспаған соң жеңе алмадық. Осы жылы барымызды салып күресеміз", - дейді ол.
Кипр Qazaq kuresi федерациясының президенті Стаброс Ставрину Польшаға 2 балуан, бір бапкермен бірге келген.
"Мен мұнда алғаш рет келіп отырмын. Астанада өткен форумға қатысқан соң осы спортқа қосылдық. Вроцлавқа келген балуандардың бірі 100 келі салмақта, екіншісі +100 келіде және абсолют салмақ дәрежесінде күреседі. Қазақ күресін 4 жылдан бері білемін. Астанадағы конгресте бұл спорт маған ұнады. Кезінде дзюдомен айналыстым, бірақ қазақ күресінің ережелері өте жақсы деп айта аламын", - деп ойын айтты италиялық маман.
Айта кетсек, Нұрсұлтан қаласының уақытымен сағат 15.00-ден 00.00-ге дейін QazSport телеарнасында трансляция таратылады. 
Тікелей трансляцияны Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының YouTube желісіндегі ресми арнасынан да көруге болады.  
Ертең QazSport телеарнасында тікелей эфирде финалдық белдесулер өтеді.
Бүгінде Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы ұлттық федерацияларды біріктіруші, Қазақстан Республикасынан тысқары елдерде турнир өткізетін жалғыз федерация болып отыр.
07 маусым 2019 ж. 855 0