Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Альварес белбеуінен айырылуы мүмкін. Головкинде титул иеленетін мүмкіндік пайда болды

Альварес белбеуінен айырылуы мүмкін. Головкинде титул иеленетін мүмкіндік пайда болды

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтағы әлем чемпионы мексикалық Сауль Альварестен әлем чемпионы титулын тартып алуы мүмкін  "Канело" келесі жекпе-жегінде украиналық үміткер Сергей Деревянченкомен жекпе-жек өткізбесе, титулынан айырылуы ықтимал.  Дереккөздің мәліметі бойынша, IBF алты апта бұрын "Канелоның" өкілдеріне хат жіберіп, Деревянченконың тарабымен келіссөзді бастауды тапсырған. Альварестің командасы хатқа жауап бермей, титулды қорғау уақытын кейінге шегеруді сұрамаған. Сондықтан IBF промоутерлік сауда-саттықты бастауы мүмкін. Ал "Канело" келесі жекпе-жегінде Деревянченкомен жұдырықтаспайтынын анық айтқан болатын.  Егер Альварестің өкілдері сауда-саттыққа қатыспаса, IBF ережесі бойынша одан чемпиондық титулды тартып алады. Мұндай жағдайда Деревянченко бос қалған белбеуді ең жақын үміткер қазақстандық Геннадий Головкинмен сарапқа салады.  Айта кетейік, Альварес IBF титулын мамырда Лас-Вегаста иеленген болатын. Ол бұл белбеуді америкалық Дэниэл Джейкобстан жеңіп алған еді.

09 шілде 2019 ж. 668 0