Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Премьер-лиганың екінші айналымы аяқталды

Премьер-лиганың екінші айналымы аяқталды

 Қазақстан премьер-лигасының екінші айналымы аяқталды. 22-турда алғашқы алтылықта командалар түгелдей сырт алаңда ойнап, барлығы да жеңіске жетті. 

Премьер-лиганың бірінші турында «Жетісу» Талдықорғанда «Оқжетпесті» ірі есеппен жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы Көкшетау командасы есе қайтаруды көздегенімен, тәжірибелі Огай бапкер сырт алаңда 3 ұпай еншіледі. Матчтың 4-минутында болгариялық легионер Мартин Тошевтің соққан голы қонақтарға жеңіс сыйлады. 

«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:1 
Гол: Тошев, 4 (0:1).

«Атырау» бірінші турда күтпеген жерден «Қайсарды» Қызылордада жеңіп кеткен еді. Бұл жолы Стойчо Младенов шәкірттері есе қайтарды. Матчтың басты қаһарманы – Тигран Барсегян. Армениялық легионер Қазақстандағы алғашқы хет-тригін жасады. Сөйтіп, мергендер көшінде екінші орынға көтерілді. 

«Өздеріңіз білесіздер, чемпионаттың бірінші турында өз алаңымызда «Атыраудан» ұтылып қалғанбыз. Соның есесін қайтару керек болды. «Атырау» трансфер кезінде жақсы ойыншылармен толығыпты. Оны әрбір тур сайын дәлелдеп келеді. Бүгін қарсыласымызға біз еш мүмкіндік қалдырған жоқпыз. Есепті одан әрі ұлғайтуға болушы еді. Оған кейбір сәттерді бос жіберіп алдық. Дегенмен, үш гол соқтық. Бұл менің Қазақстан чемпионатындағы алғашқы хет-тригім. Бізді үлкен жеңістер күтіп тұр», - дейді Тигран Барсегян.
«Атырау» (Атырау) –  «Қайсар» (Қызылорда) – 1:3 
Голдар: Барсегян, 31-пенальтиден (0:1), Антипов, 37 (1:1), Барсегян, 45 (1:2), Барсегян, 53 (1:3).

«Шахтер» өткен турда «Астананы» жеңген соң, өз-өздеріне сене бастап еді. Бірақ «Ордабасымен» ойында сол жетістіктерін қайталай алмады. 

Бірінші таймда Алексей Щеткин есеп ашса, матчтың 50-минутында Механович екінші голды соқты. Арада 7 минут өткенде Еркебұлан Нұрғалиев бір доппен жауап беріп, тартысты қайта қыздыра түскен. Алайда, одан әріге шамалары жеткен жоқ.

«Ордабасы» үш ұпай алғанымен, көшбасындағы командаларды қуып жете алмады. 

«Шахтер»  (Қарағанды) –  «Ордабасы» (Шымкент) – 1:2 
Голдар: Щеткин, 30 (0:1), Механович, 51 (0:2), Нұрғалиев, 59 (1:2). 

Қостанайдың «Тобылы» қайтадан есін  жинап, чемпиондық таласқа араласып жатыр. Бұл жолы олар сырт алаңда «Ертісті» жеңді. Осы күні Павлодар командасын ерінбегеннің бәрі ұтып жүргені жасырын емес.

Бірінші таймда есеп ашылмағанымен, екінші кезеңде екі гол соқты. Алдымен, 60-минутта Бауыржан Тұрысбек мергендік танытса, сосын пенальтиден Максим Федин көзге түсті. 

«Бірінші кезекте, жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын. Сондай-ақ, жанкешті ойыны үшін футболшыларға алғыс білдіремін. Бірінші таймда жолымыз болмағанымен, екінші кезеңде команда қарқынын үдетті. Алаңдағы тәртіптің арқасында аса маңызды жеңіске қол жеткіздік», - дейді «Тобыл» командасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Нұрбол Жұмасқалиев. 
 
«Ертіс» (Павлодар) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:2 
Голдар: Тұрысбек, 60 (0:1), Федин, 74-пенальтиден (0:2).

Алматының «Қайраты» әупірімдеп жүріп, Әулиеатада «Таразды» ұтты. «Қайраттың» орталық қорғанысында Сергей Политевич пен Раде Дугалич секілді легионерлер ойнағанмен, алаң иелері жиі өтіп кетіп жатты. Гол соға алмағандарына «Тараз» шабуылшыларының өздері ғана кінәлі. 

Ойынның тағдыры матч соңындағы пенальтиде шешілді. Оны Бауыржан Исламхан сәтті орындады. 

«Бұл жеңіс бізге қиынға соқты. Дегенмен, үш ұпай алғанымызға қуаныштымын. Шыны керек, бұл ойыннан қатты қорықтым. Премьер-лигадан шығып қалмауды көздеп жүрген командамен ойнау әрдайым қиын. Олар соңына дейін ойнайды. Осының алдында Павлодарда ойнадық. Бұл жолы құрамға ротация жасадық. Жеңіс аса маңызды. Оңай болмаса да, біз әділетті түрде үш ұпай алдық деп ойлаймын. «Таразға» сәттілік тілеймін. Команда премьер-лигада қалады деп ойлаймын. ал бізге әріқарай таласты жүргізу керек. Енді, алда 11 ойын бар», - дейді «Қайрат» бапкері Алексей Шпилевский. 

«Тараз» (Тараз) – «Қайрат»  (Алматы) – 0:1 
Гол: Исламхан, 84-пенальтиден (0:1).

Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда ойнау көпшіліктің арманы шығар. Бұл жолы «Астанамен» ойынға 11500 жанкүйер жиналды. Соңғы орындағы команданы қолдауға осыншалықты көрерменнің келуі – еліміздегі №1 футбол қаласы деп айтуымызға себеп болар. Бұған дейін де «Ақтөбені» жанкүйерлер қолдаусыз қалдырған емес.

Команда соңына дейін ойнады. Тіпті, 0:2 есебімен ұтып жатқан «Астана» сәл босандық танытып еді, Абат Айымбетов таразы басын теңестіріп үлгерді. Алайда, легионері көп шеберлігі жоғары ойыншылары баршылық «Астана» соңғы минутта жеңісті жұлып алды. 

«Біз өзі міндетімізді орындап,маңызды үш ұпайға қол жеткіздік. Ойын барысына келер болсам, біздің әлі кемшіліктеріміз жетерлік. Команда екі фронтта ойнап жүрген соң, ротация жасауға мәжбүрміз. Осыған дейін «Шахтермен» ойында да дәл солай болған. Бұл жолы да аз да болса құрамға өзгерістер енгіздік. Алда ойындар көп. Сондықтан өзгеріс жасап тұру үшін толыққанды құрамның болғаны дұрыс», - дейді «Астана» бапкері Роман Григорчук. 

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Астана» (Нұр-Сұлтан) – 2:3 
Голдар: Маевский, 8 (0:1), Сигурьонссон, 53 (0:2), Айымбетов, 56 (1:2), Айымбетов, 84 (2:2), Мұртазаев 86 (2:3).
12 тамыз 2019 ж. 805 0