Толқын Арал аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Тарихи рекорд орнатты

Тарихи рекорд орнатты

Англияның Мэн аралында Grand Swiss халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл FIDE турнирлерінің ең ірі жарыстарының бірі деп хабарлайды massaget.kz
11 турға созылатын ұзын қашықтықты жарыс.
Турнирге әлемнің 40-тан астам елінен 150 мықты шахматшы қатысты. Жарыстың деңгейін әлемдік деңгейдегі Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Левон Аронян және басқалар шахмат шылардың қатысуынан-ақ білуге болады. Қатысушылардың орташа рейтингі 2605-ті құрады.
Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова турнирде сәтті өнер көрсетті. Әйелдер арасында ол үнді спортшысы Харика Дронаваллимен 1-2-ші орынды бөлісті.
  - Бұл өзімді көрсетуге тамаша мүмкіндік болды! – дейді Динара. – Күн сайын мықты ойыншылармен ойнайсың. Бар күшімді салдым, дегенмен зор қашықтық қой. Менің барлық қарсыластарым әлемдік шахмат элитасы – "алты жүздіктер" тобындағы гроссмейстерлер болды. Бұл құрам мені қорқытқан жоқ, керісінше, өзімді тексеруге ниет тудырды.
Grand Swiss турнирінен кейін Динараның рейтингі 2505-ке жетті. Енді ол әлемнің ең мықты шахматшылары арасында 11-ші орында тұр. Бұл қазақстандық әйелдер шахматы үшін тарихи рекорд.
Айта кетейік, Динара Сәдуақасова Қытайда өткен Азия чемпионатында топ жарып, құрлықтың үздік шахматшысы атанған болатын.  Динара Сәдуақасова (22 жаста) - шахматшы, шахмат академиясының негізін қалаушы. Ол 14, 17, 18 және 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы жалғыз төрт дүркін әлем чемпионы атанған спортшы. 2017 жылдан бастап ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниетті елшісі. Әлемдегі ең мықты шахматшылар рейтингінде 12-орынды иеленген. 2012 жылы әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер атағы берілді, ал 2017 жылы ерлер арасындағы халықаралық спорт шебері атанды.

24 қазан 2019 ж. 170 0