Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас сардар – Ордабай

Бас сардар – Ордабай

1848 жылдың салқын күзі. Бұл патшалық Ресейдің Сыр өңіріне, әсіресе Арал жағалауларына тырнағын әбден батырып тұрған кезі еді. Хиуалықтардан бұл кезде күш кеткенмен, әлі де қазақ ауылдарына үстемдік жүргізуден дәмелі болып, Арал өңіріндегі шекті билері мен батырларына адам жіберіп, хат жолдап, бір-біріне айдап салып, салық пен зекетті Тілеуқабақ руынан шыққан әйгілі батыр Есет Көтібаровқа тапсырып жатқан уақыты еді.
Хиуалық Қожа-Нияз бек билерге жолдаған хатында «...Сіздер Сырдария арқылы бергі бетке өтіп, өздеріңіздің бұрынғы қыстауларыңызға орнығып, құдайдың әміріне лайық зекет төлеп, әрқашан тыныш өмір сүрулеріңіз керек, мен мұны сіздерге достық ниетпен айтып отырмын. Егер Сіздер менің бұл кеңесіме құлақ аспасаңдар және Сырдан өтіп біздің қол астымызға бағынышты болмасаңыздар, онда Аллаға сыйынып Сырдың мұзы қатқан соң өз істегендеріңізді өздеріңізге жасаймыз» – деген. (Қазақ ССР архиві,4 қор, 3537-іс қағазы).
Бұл кезде Жанқожа батырдың жетпістен асқан шағы болатын. Батырдың қаһарынан қаймыққан сыртқы жаулары тікелей тиіспегенімен, ара-арасында құм ішінде мал жайымен шашыраңқы отырған кейбір шағын ауылдарды шауып, мал-мүлкін айдап кетуі тоқтамай тұрған еді. Осындай қарақшы топ Арал өңірінің Селеулі, Нұрлыбай, Хантөрткел маңайын мекендеп отырған Әлім ішіндегі Алтынбай аталығының ауылдарын және олармен қоңсылас көрші рулардың мекенжайларын шауып, бар малын алдарына салып айдап кеткен. Алайда жолда қарақшылар тобы Шалқар жерінде сұлтан Арыстан Жантөриннің шағын сарбаздар тобына кездесіп қалып, шамалы қақтығыстан кейін алдарындағы олжа малдарын тастай қашуға мәжбүр болған. Сүйегі төре Арыстан Жантөрин бұл кезде Орынбор әскери губернаторы жанында қазақтың Кіші жүздің ортаңғы бөлігін билеуші болып қызмет атқаратын.
Сонымен малдарынан айырылып, іштері удай ашыған ағайын Алтынбай руының қара тайпасынан шыққан Жақсығұл (Итіғұл) бидің баласы енді-енді ел арасында тапқырлығымен аты шыға бастаған Орынбайдың «Нұрлыбайдағы» (қазіргі Аралқұм ауылының өкпе тұсы) ауылына ат ізін сала бастады. Ондағы ойлары – төре қолындағы малдарын қайтарып алу. Орынбайдың бұл кезде жалындап тұрған жиырма беске келген кезі-тұғын. Алайда көпшіліктің дауын даулайтындай шаршы топқа түсіп көрмеген кезі еді. Көпшіліктің көңілін қимаған Орынбай ойлана келе, «Ақиректе» отырған Жанқожа батырмен ойласып шешуді жөн көрді. Батырдың бұл кезде аты бүкіл қазақ даласына жайылып, қазақ жеріндегі патша ұлықтарының өздері батырмен байқап сөйлесетін болған. Бұдан бір жыл бұрын 1847 жылы Хиуаның бегі Қожа-Нияз қазақ жеріне төре Елкей Қасымовпен және Жанғазымен бірігіп, Сырдың бергі бетіндегі ауылдарды тонап, адамдарын өлтіріп, мал-мүлкін тонап кеткенде, Жанқожа бастаған қол басқыншыларды қуып жетіп, оларға үлкен шығын келтіріп, мал-мүлкін түгелдей қайтарып алған.
Патшалық Ресейге бодан болғанына бір ғасырдан асқан қазақтардың өз жерінде бір-бірінің малын барымталап соғысқаны бергісі губернаторға, арғысы ақ патшаға ұнамайтыны белгілі. Осыны білетін Жанқожа батыр бұл әңгіме ушығып кетпей тұрғанда алдын алмаққа Кіші жүздің билеушісі Арыстан Жантөринге хат жолдап, одан қолдау көріп, бұл әңгіме ұзаққа бармай басылып қалған еді. Сөйтіп Жанқожа батыр мен Арыстан Жантөриннің арасында сыйластық орнап, реті келгенде батыр да төренің өтініштерін орындап, ол басқаратын аймақта көптен таныштық орнап тұрған.
Жанқожа Орынбайдың айтқанын құп көріп, тікелей төренің өзіне барып жолығуды дұрыс көретінін айтып, қасына ел арасынан бас көтерер бес-алты ақсақалды ертіп алуды тапсырды. Сол жылдың қыркүйек айының аяқ кезінде шыққан Орынбай бастаған шағын топ Орынбор қаласына қазан айының орта кезінде жетті. Бір-жар күн демалып, өз-өздеріне келгесін, төреге кісі салып, үш-төрт күн дегенде төренің алдын зорға көрді. Қараны жеп үстемдік жасап қалған төре тұқымы емес пе. Орынбай тобын менсінбей салқын, сыздана қарсы алды. Тек Жанқожа аты аталып, сәлемін жеткізгенде ғана қабағына бір мезет сәл-пәл жылылық жүгіріп өткендей болды. Қабағын қайта түйіп алған төре, сыздана елдің жайын сұрағандай болды. Төренің салқын қабылдағанына қитығып қалған Орынбай да ширығып, ел жағдайының қиын екенін, күн көріп отырған бар малдарын хиуалықтардың тартып алып, Көтібардың Есетіне тапсырмақшы болып бара жатқан бетінде, төре сарбаздарының бұл малдарды олардан тартып алып айдап кеткенін, елден келгендердің ол малдарын ала алмағанын, соған қарағанда төренің де Есетпен ым-жымы бір ме деген ел арасында әңгіме барын айтып, төрені бір түйреп өтті. Бұл әңгіменің төреге жақпай қалғаны оның сөйлей алмай булығып, қанталап кеткен көзінен бірден белгілі болды. Орынбай қасына еріп барған ақсақалдар қозғалақтап бір-біріне қарасып, бастарын салбырата түсті.
–Жігітім, байқап сөйле, сенің мына- дай қыршаңқы тілің үшін абақтыға жа- уып қоюым қиын емес, –дегенде, іле-шала Орынбай: – Қай қазақтан көріп едің қонағын қамағанды, әлде Сіз қазақ емессіз ба?!– деп қарсы сұрақ қойып, төренің тегінің Шыңғыс хан ұрпағынан шыққанын меңзегенде, төренің қасында отырғандар көздерінің астымен бір-біріне қарап, жас жігіттің батылдығына риза болды. Тауып айтылған сөз дөп тиді. Төре үндемеді. Аз-кем үнсіздіктен кейін төре сынағандай көзінің астымен қарап, – Өзің тым батыл көрінесін, батырлығың да бар шығар, Көтібардың Есетімен жекпе-жекке шығамысың, – деді.
–Шығар ем, төре, бірақ ұраным «Арқар» емес, екеуміздің де ұранымыз – «Бақтыбай» ғой дегенде, төре тағы да ағат жібергенін біліп, сөзден тосылып қалды. (Қазақ салты бойынша ұраны бір рулар бір-бірімен соғыспаған, тіпті Жанқожаның өзі ұлы нағашысы Бақтыбайдың атын атап, ұрандап жауға шапқан. Орынбай төренің алдында осыны меңзеген болатын, ал «Арқар» – төрелердің ұраны). Бұдан әрі сөз қашыруды артық санаған төре Орынбайдың найзағайдай жарқылдаған батыл да нұрлы жүзіне сүйсіне қарап, сұлтан деп ықпаған өжеттігіне риза болып:
– Сені маған Жанқожа бекер жібермеген екен, еліңе қорған болар талабың бар екен, сені Қазалы, Арал өңіріне бас сардар етіп тағайындадым, сол елдің арасындағы дау-жанжалды басып, тыныштығына жауап бересің,– деп, дереу сол жерде жарлық шығарып, қолына мөрін ұстатты. Төренің ызғарынан қорқып, әлдеқандай жағдай болып кетеді деп үркіп отырған топтың бетіне қан жүгіріп, қауқалақтасып қалды. Ертеңіне төре елдің қолды болған малдарын санап беріп, Орынбайға батасын беріп, жолға шығарып салған екен.
Жақсығұл (Итіғұл) бидің баласы Орынбай осы қызметті жасы келгенше абыройлы атқарып, елде ұры-қары, барымташылардың жолын кесіп, тыныштық орнатты. Жасы келе Орынбай баба сопылықты ұстап, дін жолына түсіп, ел қадірлісіне айналды. Ел Орынбай бабаны сыйлап арулап Ақиректегі Арыстан баб жанына жерлеген. Ал Арыстан баб жанына тегін адамды жерлемейтіні белгілі ғой. Бұл әңгімем марқұм болып кеткен немере ағам Ашабай Әбдіқалықовтың қолжазбасы негізінде жазылған болатын. Мен Орынбай бас сардардың шөбересімін.
Байтақ Сүлейменов,
отставкадағы полиция полковнигі,
Арал қаласы
09 қаңтар 2021 ж. 812 0