Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал балықшыларының ақылшысы

Арал балықшыларының ақылшысы

Қайбір жылы ұстаз әріптесім Биғазы Қоныс­баев деген азамат қолыма беттері әбден сарғайып кеткен ескі кітапты ұстатты. Кітап деп отырмын-ау, шындығында, өз заман­ында жарық көрген бір жинақтың жыртылу­дан аман қалған 10-15 беттің бір бөлігі ғана. Мұқабасы мен басқы бет­тері солайкем жоқ. Кейбір жыртылған бет­тердің орнына ақ қағазға мәтіні қол­жазу­мен көшіріліп, қалың дәптердің сыр­тымен қапталыпты. Биғазы сірә құндылығы бар кітапты беріп жатып: "Оқып шығыңыз, бұрынғы бір жылдардағы Арал балық­шы­лары туралы екен. Сол атақты балықшылар­дың бірі, осы кітаптың кейіпкері – Құлақан Дәрібаев­тың ұрпағы берген" деді.
Тозығы жеткен кітап қол­ыма тиісімен, отыра қалып оқи бастадым. 1952 жы­лы Алматыдан 5 мың данамен шыққан К.Күленовтің "Аралдың озат балықшы­лары" атты кітабы боп шықты. Автордың негізгі мақсаты сол замандағы күрпіп жатқан Арал тең­із­інен балық сүзген оз­ат балық­шылар мен олар­дың үз­дік іс-тәжірибесін көрсе­ту, таныту болса керек. Жыртылмай қалған кіт­аптың па­рақтарынан сол кез­дегі Арал балықшылары­ның ерен еңбегі, Отанға тап­сырған балық өнімде­рі, атақты балық кәс­іпшілі­гінің сайыпқыран­дары Шәмші Кенжебаев, Бақ­ыт Рысқалов, Сәлима Сей­ілханова, Күләш Ыб­раева, Айша Құрақбае­ва, Мәстөре Желдірова, Қойман Сариева, Алтын Қошанова, тағы басқа­лар­дың маңдайдың ащы терін сылып жүріп атқарған еңбектері баяндалған. Көзіме жинақтағы "Құлақан қарт" деген көлемді, деректі де көркем очерк түсті. Негізінен аман қалғаны да осы очерк басылған беттер. Кейінгі ұрпағы сондықтан да сандық түбінде сақтап келген сияқты. Ол былай басталыпты:
"Құлақан қарттың Арал теңізінің жа­ғасында кіндігі кесіліп, кірі жуылды. Ана сүтінен кейінгі тұңғыш татқан дәмі де осы Аралдың балығы еді. Құлақан 14 жасынан бастап әкесіне ерді. Жел қайыққа мініп, аудың бір жағына ие болды. Ол револю­цияға дейін Оралдағы кулактарға жалдан­ып, балық аулады, балықпен күн көрді. Оның бұл кезде түн қатып жүріп балық ау­лағанда алатыны айына үш-ақ сом еді.
Арал теңізі жағасында балықшылар­дың ішінен ең алғаш бас көтеріп, жұмыс­шыларды ұйымдастыруға кіріскендердің бірі – осы Құлақан қарт болды. Құлекең өзі­мен бірге ұдайы балық аулап жүрген бел­гілі Өтеп қартпен тізе қосты. Балық зау­ытындағы жұмысшыларды ұйымдасты­ру­ға кірісті. Орыс жұмысшыларымен бір­ге партизан отрядын құрды, Қызыл әс­кер­мен байланыста болды. Аралдағы бай­лар мен кулактарды талқандағаннан кейін ондағы зауыттарды мемлекет мен­ші­гіне өт­кізгендердің ішінде бұлар да болды. Өт­еп пен Құлекең Арал­дың бірнеше түбек­терінде Совет одағын құрды.
Құлақан қарт қазір "Қарашалаң" бал­­ық­шылар колхозының мүшесі, колхоз бри­гадирі. Ол өзінің жоспарын артығымен ор­ындайтын колхоздың алдыңғы қатарлы стахановшы. 1951 жылы Құлекең жылдық жоспарын 1 шілдеде орындады. Құлақан қарт бастаған звено жылдық жоспардан артық 317 центнер балық аулап өткізді.
Дәрібаев Құлақан балық аулаудағы мол тәжірибесін күнделікті жұмыста тол­ық пайдаланып, бригаданың барлық жұм­ысына араласты. Осының арқасында мұн­ың бригадасында балық аулау ісі жақсы ұйымдасқан ерекше бір мектеп бол­ды. Ағашсыз жерге ағаш егу үшін жас ағашты жұрт питомниктен алады ғой. Балықшы­ларға Дәрібаев жолдас басқарған бригада дәл осы питомник сияқты.
Егер де басқа бригадаға тәжірибелі бри­гадир не звено керек болса, колхоз бас­қар­­масы Дәрібаевтың бригадасынан адам сұрайды. Дәрібаев бригадасына басқа бри­гададан балықшылар жіберіп, балық аулау әдісі мен стахановтық жұмыс әдісін үйретеді. Дәрібаев бригадасының негізгі балық аулау құралдары ұсақ келеді. Мұн­да звено – балық өндірісінің негізгі ұясы. Дәрібаевтың бригадасы балықты жүру маусымына қарай, звеноларды ұсақ құрал­дармен бірге ірі жылымдармен де қамтамасыз етеді. Сөйтіп бұл бригада маусым кезінде қолдағы құралдарды балық аулауға толық пайдаланады.
Бригадада шолу звеносы бар. Звен­о міндеті – теңіздің терең, тайыз жерлерін моторлы қайықпен сүзіп, балық іздеу. Осы шолу звеносы арқылы бұрын балық ауланбаған жерлер зерттеледі. Жаңа балық өрістері пайдаланылады. Балығы бар жерді жалғыз бір бригада емес, көл­емі тарлық етпейтін болса, көрші "Қаратөбе", "Бөген", "Шевченко" колхоздарының балықшылары да пайдалану­ға келеді" деп жазылып, ма­қа­ла былайша тұжырым­да­ла­ды: "Дәрібаев брига­да­сының мұндай табысқа жеткені балықшы колхоз­шыларға түгелдей әйгілі болды. Колхозшылар Үш­шоқы алабына қарай жел­біреген ақ желкендерін көтеріп, моторларын гүр­ілдетіп ағыла бастады. "Жақсының жақсылығын айт, құты тасысын" деген халық мәтелі бар ғой. Бал­ықшы, колхозшылар­дың ау­зында Дәрібаев Құл­а­қан қарт ту­ралы шыққан ұзақ өлең де, әндер де бар. Қараша­лаңдағы балық­шы­­лар теңіз­ге шығар алдын­да Құлақан қартқа келіп, одан ақыл-кеңес сұрайды. Балықтың өрісін бес сау­сағындай жақсы белетін қарт балықшы­ның болжауы мүлтіксіз тура келеді.
«Аралдың ақылшысы» дейді оны жұрт. Ол бұл атақты өзінің адал еңбегінің, көп жылғы тәжірибесінің арқасында алды".
70 жылдай уақыт шамасы бұрын шыққан жинақта жар­ық көріп, есімі сол жылдары күллі қазақ еліне, балықшы қауымға кең тараған кітап­тағы "Атақты балықшы Құлақан Дәрібаев кім?" деген сұрақ көкейімізге тірелді. Биғазы әріптесімізден оның ұр­пағын сұрадық. Бар екен. Бел баласы Қонысбай бізді аты жер жарған еңбек майталманы, балықшы әкесі туралы азды-көпті мәліметтермен таныстырды.
Құлақан Дәрібайұлы 1900 жылы дария сағасындағы, теңіз жағасындағы Қара­ша­лаң маңында туған. Қуаныш, Жұмахмет атты бірнеше ағайынды жігіттер екен. Жастай­ынан балық аулаған. Үш ескекті қайықпен дарияға да шыққан. Сол ескекті қара қай­ық­пен, бір таяумен мезгілді уақ­ыт­ында балыққа шығып, осы кәсіпті жақсы мең­гергендігінің арқасында қай кезде де құралақан орал­маған.
1921 жылы В.Лениннің Арал балықшыларына хат жолдап, Волга бойындағы аштыққа ұшыраған балаларға көмек сұрағанда алғашқы көмек қолын созғанның бірі Құлақан қарт болған. Қараша айындағы абыржыда, онан кейінгі желтоқсан айындағы аязды, боранды күндердің қиындықтарына қарамай, ауланған балықтарының қомақты бір бөлігін түйе шанамен Қамыстыбас темір жол стансасына жеткізіп отырған. 14 вагон қайырымдылық әрекетіне тиісті үлесін қосқан осы еңбегі әлденеше мәрте аталып, кейін қарт балықшының мерейі үстем болып жүрді.
Бертінгі жылдары Қарашалаң балық кол­­хозын атақты еңбек майталманы Балым­бетова Ұлбибі басқарған. Осы жердің тең­із толқынында арпалысып, су маржанын сүзген Аманбайдың балалары Омар, Сы­дық (атақты күйші Мұрат Сыдықовтың әкесі), Төрежан, Сыдықтың Мұқашы, Бигелді балалары Алмағамбет, Жалма­ғамбет, Оспанның Ниязы, Сыдықтың Жұбаны сынды үзеңгілестерімен бірге ел-халықтың теңіздегі несібесін айырып отырған. Олар ауланған балығын Қалас Бекшеев меңгерушілік ететін балық қаб­ылдайтын пунктке өткізген. Қарашалаң маңында Тәуір, Қызылқайыр, Сафуан атты балықшылар мекендері болған.
Ерекше балық аулау тәсілімен еңбекті ұйымдастыра білген Құлақан қарттың ең­бек үлгісі бүкіл "Арал мемлекеттік балық тресінің" ау­мағына ғана таратылып қоймай, батыста­ғы Каспий, шығыстағы Балқаш, тіпті Одақ көлеміндегі балықшылар қауымына жет­кізілгені жан-жақты насихатталған.
«Арал балықшыларының ақылшы­сы» атанған Құлақан қарт 1963 жылы дүн­иеден өткен. Құдай қосқан қосағы Балау­садан өрбіген алты ұл-қыздары Қоныс­бай, Күнқожа, Есқожа, Сағира, Балзия, Сән­дігүл үлкен әулеттің еңбек туын жықпай, өз уақытында балық саласында, басқа да өмірдің бағыттарында өз соқпақтарын тауып жүрген.
Біздің сонау 1952 жылы шыққан «Аралдың озат балықшылары» атты кітап­тың бір кейіпкері, сыралғы қарт балықшы Құлақан Дәрібаев туралы білгеніміз осы.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
05 қазан 2021 ж. 10 360 0