Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темірбақты батырдың ерлігі

Темірбақты батырдың ерлігі

Әлім-Шекті (Жаманақ) Баубек баласы, Темірбақты бабамыз XVII ғасырдың басында Арал өңірінде өмір сүрген, қалмақтармен соғысып, Әлімдер ішінде аты қалған. Ол жөнінде бір шумақ халық арасындағы өлеңде:
Баубектің бір баласы – Темірбақты,
 Ер екен қайсар әрі әруақты.
 Аударып, ат үстінен жұлып алып,
 Шыңғыртқан Берден деген ер қалмақты,- деп жырланады.
«Өлі разы болмай, тірі байымас» деген. Осыған байланысты ұрпақтары бас қосып, Арал ауданы Ахмет Байтұрсынов көшесі бойынан Темірбақты батырдың құрметіне елімізге белгілі заңгер, адвокат Әлімжан Рәтұлы Жұбатқановтың бастамасымен және ағайындардың қолдауымен кесене орнатты.
Баубек баласы Темірбақты батыр XVII-ғасырда Сыр бойы мен Арал өңірінде өмір сүрген, сол ғасырда қалмақтармен соғысып, ерлік көрсетіп батыр ретінде аты аңызға  айналған.
XVII ғасырда шұрайлы қазақ жеріне көзін тіккен сұғанақ қалмақ жұрты шапқыншылық жасайды. Сұрапыл соғыс заманында дүниеге келген Темірбақты батыр жастайынан ерлігімен көзге түсіп, батыр атағына ие болады. Көптеген қалмақтың бетке ұстар батырларын жеңген. Үлкен шайқаста Темірбақты тағы да батырлығын танытады. Жекпе-жекте қалмақтың батыры Берденнің басын алып, Сырдария бойын азат еткен. Осы жорығынан соң, Темірбақтының атағы аспандайды, сол ерлігімен халық арасында батыр атанады.
Қаншама рет ауыр жарақат алса да, сыр берместен бір емес, мыңды басқарып, мыңбасы болған. Сол үшін Темірбақты батырдың ұрпағымыз деп рухани күш-жігерімізді көтеріп мақтан тұтамыз.
Темірбақты бірді емес, жаудан елді қорғады.
Темірбақты батырдың маңдайына қазақ жерін қорғау жазылған екен. Түсі қатал болса да, өзі салмақты, момын бабамыз үнемі өмірінің соңына дейін ат үстінде соғысумен өткізіп, қазақ жерін аманат етіп тапсырды.
Темірбақты батасы
Темірбақты батырдың өнегелі өмірі мен ерен ерлігі, өжеттігі мен өрлігі мәңгі өшпейді.
«О, Жаратқан! Найзаның ұшы, білектің күшімен туған, топырағы үшін жан беріп, жан алысқан, «елім» деп еміреніп, «жерім» деп жауға шапқан кіші жүз батыры Темірбақты бабамыздың жүзін нұрлы, топырағын торқалы ет!   Ұрпағының өне бойына өрлігі мен ерлігін, тектілігі мен әулиелігін дарыта гөр, әмин!»
Темірбақты батыр жыры
Баласы Жаманақтың аты Баубек,
Қойылған ат демеңіз, әншейін тек.
Үйіне Жаманақтың ол туғанда,
Жиналған қуанышқа мырза мен бек.
Өзін емес, ойлаған жұрт қамының,
Темірбақты елінің ұрпағымын.
Бір тамшы қаным бар деп мақтан етем,
Дәл осындай жігіттің сұлтанымын!
Қалмақты ат үстінен жұлып алған,
Батырлығы ел-жұртқа аңыз болған.
Бар қасиет бойына дарып өскен,
Көріпкел әрі әулие, нағыз палуан.
Баубектің бір баласы Темірбақты,
Ер болған қайтпайтұғын әруақты.
Аударып, ат үстінен жұлып алып,
Шыңғыртқан  Берден деген ер қалмақты.
Көп екен бабалардан қалған мұра,
Мін болар ескермесек оны, сірә!
Ұрпағы бас иеді бабамыздың,
Сөзінің әрбір айтқан салмағына.
Еңбегі сіңді оның  туған жерге,
Игі іс жасап кетті-ау туған елге.
Аты аңызға айналған бабамыздың,
Мұрасы жетерлік қой ұрпағына.
Өтіпті ишан  менен небір ақын,
Ұстапты өте берік ата-салтын.
Осындай бабасымен ұрпағының,
Жөні бар кеуде керіп мақтанатын.
Ұрпақтар көтерді үлкен мәселені,
Тұрғызып бабамызға кесенені.
Қолдаған осы істі барлығымыз,
Ағайын, мәртебеміз көтерілді.
Бата мен алғыс алып қалың көптен,
Іздері  үлгі-өнеге салып кеткен.
Ас беріп, дұға қылып, қол жаямыз,
Осындай бабамызға бұрынғы өткен.
Осындай киелі Темірбақты батырдың ұрпағы елімізге танымал, Қызылорда облысының қоғам қайраткері, Арал ауданынан шыққан, Д.Қонаевтың замандасы  Саржанов Құдайберген Саржанұлы 1982 жылдан 1993 жылға дейін Балық шаруашылық министрі қызметін атқарған.
Хорезм Халық Республикасының Халық Комиссарлары Советінің Төрағасы, қазіргі тілмен айтқанда бір елдің Президенті болған Меңдіқожа Ибнәминов атамыз да Темірбақтының ұрпағы. Одан қалса әнші Жанболат Ербатыров та батырдың бір тамшы қанымын деп өзін мақтан тұтады. Енді ұрпақтарының абыройын тізбектеп жаза берсек жеткілікті.
Осыған орай Арал ауданында Темірбақты батырдың құрметіне ас беріліп, 2022 жылдың 9-10 маусымында іс-шаралары өтеді. 9 маусым сағат 17.00-де Зейнолла Шүкіров атындағы мәдениет үйінде жыраулар сайысы, 10 маусым сағат 9.30-да Ахмет Байтұрсынов көшесі бойында Темірбақты батыр ескерткішінің ашылу салтанаты, 12.00-де ас беру рәсімі, кешке 19.00-де орталық алаңда мерекелік концерт өтеді. 
Әлімжан Рәтұлы Жұбатқанов,
адвокат
31 мамыр 2022 ж. 13 679 0