Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қаланы көркейтуге үлес қосқандар

Қаланы көркейтуге үлес қосқандар

«Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді. Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген сөз бар. Иә, ағаш егу – әрбір азаматтың парызы. Атам қазақ «Бабасы еккен шынарды, баласы саялайды» десе, дәстүрлі дінімізде «Ағаш отырғызған адамға одан жиналатын жеміс-жидектің мөлшеріндей сауап беріледі» деген хадис бар.
Осы қағиданы ұстанған Баубек баласы Темірбақты батыр ұрпағы бастама көтерді. Алдымен Әлім-Шекті (Жаманақ) Баубек атаның баласы, Темірбақты батыр ұрпағы ұйымшылдықпен қаладағы Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойына батырдың ұрпағы Әлімжан Жұбатқанов, Айдос Бұйраевтың бастамаларымен Темірбақты батырдың белгісін орнатты. Сонымен бірге ескерткіш белгінің жан-жағына тал шыбықтар мен гүлдер отырғызып, көгалдандыруды қолға алды. Шыбықты егу, оны әрі қарай баптау да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл күндері құқық қорғау органының ардагері Жеткерген Балымбетов немерелерімен, қажы Қуантқан Нұрымбетов, мектеп мұғалімі Сәрсенбай Ақмырзаев, кәсіпкер Серікбай Саянов, Болат Тілеулесов, тағы басқа жанашыр жандар гүлдер мен жас шыбықтарды отырғызып, талға күтім жасап, ауласын тазартып, аптасына су таси­тын көлікпен су жеткізіп, аптасына 3 реттен күніне 2 мәрте суарып, қадағалап тұрады.
Осы бастаманы алдымен қолға алған жерлесіміз, бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, белгілі заңгер, бүгінде адвокат болып қызмет етіп жатқан Әлімжан Жұбатқанов:
– Бұл бастаманы қолға алудағы мақсатымыз – батырға белгі қойып, рухына тағзым ету. Сол себепті барлық өңірдегі Темірбақты батырдың ұрпағын жинап, ватсап желісінен үлкен чат ашып басын қосқан. Одан кейін Темірбақты батыр­дың сайтын ашып, ұрпағының шежі­релерін топтастырып, жеті аталарын біліп жүрсін деген қағидамен бір жерге жинап салдырған. Оны Орал қаласының тұрғыны Темірбақты батырдың ұрпағы, «Ақжайық» телеарнасының операторы әрі бағдарламашы Талғат Мұратбаев әзірлеген болса, әкесі Қанат Жолдасбаев та қарап қалмай, шежірелерді сайтқа дұрыс салу үшін баласының жанында әрдайым көмектесіп, қадағалап отырады. Темірбақты батырдың белгісін салу үшін 2000 жылдық тарихы бар сонау Тараз шаһарынан құрылысшы Берік Бұйрабаев құрылыс материалда­ рын әкеліп, салып берген. Ол бұған дейін де Арал қаласындағы «Рәміздер алаңы» ескерткішін де салуға атсалысқан болатын. Ал енді Темірбақты батыр белгісінің құрылыс жобаларын Темірбақтыға жиен, архитектор Кеңтогаев Айдос сызып дайындаған. Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы. Алдымен Темірбақты батырдың өміріне қысқаша тоқталатын болсам, Темірбақты – ХVІІ ғасырда Арал теңізінен Ақтөбе аумағына дейінгі өңірде ат үстінде жаугершілікте жүріп, елін, жерін қорғаған батыр. Асқан шеберлікпен темірден түйін жасап, қылыштар мен қару-жарақтарды да өзі шебер жасай білген жан. Жерімізді қалмақтардан азат ету үшін соғысып, жекпе-жекте Берден деген қалмақтың батырын жеңген. Аңыз әңгімелерде көнекөз қариялардың айтуын­ша, Шыңғыс хан заманынан қалыптасқан қазақ хандығындағы әскери құрылымның жүздік әскеріне 25 жасында Темірбақты басшы болған көрінеді. Алайда, қолдан-қолға ұстап жүргенде Темірбақты ба­тыр туралы жазылған тарихи деректер жоғалып кеткен. Осы Темірбақты бабамыздың ұрпағы Меңдіқожа Ибнаминов атамыз 23 жасында Хорезм Халық Республикасының Халық Комиссарлары Советінің төрағасы болып сайланған. Қазіргі атаумен айтқанда Үкімет басшысы, Премьер-Министр етіп сайланған. Белгі қойып, жан-жағын көгалдандыру арқылы жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсеткіміз келді. Алдағы уақытта батырдың құрметіне арнап ас беру іс-шарасы ойда бар. Болашақ жас өскін осы белгінің мазмұнын түсініп, ерлігін үлгі тұтса дейміз, – деп батыр өмірін қысқаша баяндады.
Иә, қазақ халқы ежелден тектілікті жоғары бағалаған. Тектілік адам бойы­ на ананың сүтімен, атаның қанымен дариды. Сол себепті де қазақта «тегі сондай еді» деген сөз бекер айтылмайды.
Бүгінде Темірбақты батыр ұрпағының көпшілігі еліне адал қызмет жасап жүрген танымал жандар. Өз ұлтының, халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білетін адамдардың қатары көбейген сайын, тектіліктің де қадірі артып жататыны белгілі емес пе? Сондай жандардың бірі – Құдайберген Саржанов. Ол Қызылорда облысының, Арал ауданының құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған. Одан бөлек, Ауған соғысының ардагері Жандос Шүкіров, марқұм, Арал ауданының прокуроры болған Бақытжан Бұйраев және мәслихат депутаты болған, талай жыл емхана­ ны басқарған Мамай Бұйраев, өнер саласында өзіндік орны бар танымал әнші Жанболат Ербатыров, АО «KEGOC» компаниясының құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Төлеген Сафуани, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлім жөніндегі қызметкері Ма­рат Садықов – Темірбақты батырдың ұрпағы. Айта берсек, Темірбақты ұрпағы 2000 отау үйден асып жығылады және Қарақалпақстан елінде де 500-ден астам ұрпағы тұрады.
Иә, әрбір қолға алған істің өз нәтижесі болады. Қай уақытта да отырғызған тал, оған жіберген уақытыңыз бен еңбегіңіз арғы дүниеде еселеніп қайтады. Аталған бастама қаланың экологиясын жақсартуға септігін тигізіп қана қоймай, жастарға тағылымдық, тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Игі шара халық игілігіне жараса – біз үшін үлкен мақтаныш. Өйткені Алла елшісі (с.ғ,с): «Адамдардың ең жақсысы басқаларға пай­дасы тигені», – деген. Табиғатты аялап сүю, Алланың жаратқандарының кереметтеріне тамсана, ғибрат алу жүрекке нұр болып құйылады емес пе?! Мұны көріп өскен жас ұрпақ табиғатты аялауға, қорғап-сақтауға үйренеді. Бүгін еккен шыбық ертең жайқалған шынарға айналады. Оның көлеңкесінде Арал халқының қарттары мен жастары демалатын саябаққа айналса, нұр үстіне нұр болар еді.
Күнзипа ӨТЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Арал қаласы
13 маусым 2021 ж. 2 272 0