Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» »  Берік байланыстың белгісі

 Берік байланыстың белгісі

Ұлыстың ұлы күнінде ұрпаққа өнеге болатын дәстүрлер де қолға алынып келеді. Солардың бірі – ағаш отырғызу. «Бір тал ексең, он тал ек» дегенді ес білгелі құлағына құйып өскен ұрпақ үшін оның тәлім-тәрбиелік мәні зор. Ал, елімізге келген шет ел басшылары басқа ағаш емес, Тяньшань шыршасын көбірек егеді екен. Себебі...
Жақында ғана Астанаға барғанымда қаланың көрнекті жерлерін араладым. Ит жылы жиырма жылдық мерейтойы тойланатын Астанадағы Отан-Ана монументінің іргесіндегі алаңда президенттер отырғызған шырша ағаштары көзіме оттай басылды. «Алғашқы жылдары егілген шыршалардың  бұтақтары отау орнындай жерге қанат жайып, 8-9 метрге дейін бой түзеп қалыпты-ау» дейді қасымда жол көрсетіп жүрген Асыл замандасым.
Аңқыған хош иісі мен әдемілігі өз алдына. Бастысы – үш ғасырдан астам уақыт жасайтын, діңі екі метрге дейін жететін ағаш. Табиғаттың қатал мінезіне қарамастан өсе береді екен. «Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар да осылай қанат жайып, дами берсін» деп тіледім. Ұлыстың ұлы күнінде айтылған тілек қабыл болады деуші еді. Өзім де келу бойына көшет отырғызуға кірістім.
Әлемге әйгілі туған жеріміз Арал қаласында да Наурыз айында ағаш отырғызып, тал егуді баршамыз игі дәстүрге айналдырсақ, өзімізге пайдасынан бөлек, сырттан келген қонақтарға да жақсы әсер беретіні анық.
Ш.Орынбайқызы.
19 наурыз 2018 ж. 1 675 0