Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атадан мал қалғанша тал қалсын

Атадан мал қалғанша тал қалсын

Қарты бар елдің қазынасы бар. Көнеден келе жатқан бұл ұғым қазақтың қағидасына айналып кеткен. Мейлі іс бастасын, мейлі сапарға шықсын қарияның батасын алмай кіріспейтін болған. Жалпы үлкеннің ісі өнеге, сөзі тәрбие санаған ұрпақ үшін тағы бір тәлімді дүниенің куәгері болдық.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Құланды дейтін ауылда тұрамыз. Бірде, ауылымыздың тұрғыны, тыл ардагері – Сағидулла Даулетов мектеп ауласына ағаш алып келді. Игі бастама жасап  жаңа мектеп ауласына 12 түп жеміс ағашы мен бірнеше түп қара тал көшеттерін отырғызды. Жанына немерелері мен келінін ерте келіп, мектеп ауласын көгалдандыруға үлесін қосқан ақсақалдың бұл ісі расымен-ақ баршаға үлгі боларлық.
Бүгінгі мемлекеттің ұстанып отырған саясатының айқын бағытындағы рухани тәрбие беретін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы елді сүюге шақыру, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы алма мен қызғалдақтың оотанына баланған қазақ даласының көксіз болмауына үлесін қосқан ақсақал, ағаш отырғызып:
– Балаларым өсіңдер, жапырақтарың  жайылсын, қолда бар дүниені қадірлей біліңдер. Мына жас шыбықтар да өздеріңдей болып алып ағашқа айналсын. Осының көлеңкесінде аялағандай, біз де сендер азамат болғанда рахаттарыңды, жемістеріңді көріп, марқайып отырайық, – деп ақ батасын берді. Қарттың батасы қабыл демей ме қазақ. Ендеше Сағидулла атамыздың батасы қабыл болсын дейміз.
Бүгінде жас көшеттер жапырағы жайылып, мектебіміздің ауласына көрік беріп-ақ тұр. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген осы да.

Ж. Қазтоғанова,
№77 мектеп директорының орынбасары,
Құланды ауылы
14 мамыр 2019 ж. 2 494 0