Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Саяси қуғын-сүргiнге ұшыраған қазақ әйелдерi

Саяси қуғын-сүргiнге ұшыраған қазақ әйелдерi

Тарихқа көз жүгіртсек, қайран қазақ басынан қуаныштан гөрi қайғы-қасiретке толы, азапты өмір кешкен арда азаматтар тағдырына көп кезiгемiз. Қазақ ұлт болып қалыптасқаннан берi елдiктi ту етiп, келер ұрпақтың қор болмауын көксеп, Отан үшiн сан мәрте отқа түстi десек те артық айтпаған болар едiк. Сонау жаугершілік заманнан бері, 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргiннiң адам айтып жеткiзе алмас қасiретi санамызға өшпестей жара салды. Сол зұлмат жылдары ер азаматтармен қатар әйелдер де, балалар да қасірет шекті. Осы мақалаға қуғынға ұшыраған қазақ әйелдерін арқау етпекпіз.
Жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргiзiлген репрессиялық шаралар қоғам өмiрiнiң барлық саласын қамтығандықтан, сол зобалаңнан бiрде-бiр елдi-мекен, бiрде-бiр отбасы аман қалмағандығы жұртшылыққа жақсы таныс. Кеңестiк саясат ұлтжанды азаматтарды, тiптi қарапайым адамдарды да «халық жауы» ретiнде ату жазасына кесiп немесе еңбекпен түзету лагерлерiне айдағанда, олардың отбасы мүшелерi, туған-туыс, көршi, таныстарына дейiн қудалауға ұшыратты. Жазығы жоқ, өмiрдiң қатыгездiгiнен бейхабар сәбилер «ата-анасы үшiн» Iшкi Iстер Халық Комиссариаты (НКВД) жетiмектерiне айналып, «Кеңес өкiметiнiң балалары» ретiнде қайта тәрбиелендi.
1926 жылғы қылмыстық кодекс Кеңес өкiметiнiң қуғын-сүргiн саясатының заңдық негiзiн жасады. Сондай-ақ қуғын-сүргiн шараларына жол ашатын жаңа баптар жылма-жыл қылмыстық кодекске қосылып отырды. Кейбiр мұрағат құжаттарында саяси қуғын-сүргiнге ұшыраған әйелдердiң аты-жөнi, тегi, туған жылы, үкiмi, және өзге де қажеттi дерек көздерi жазылмай қалған.
Отанын сатқандардың әйелдерiн әлеуметтiк қауiптiлiк деңгейiне қарап 5-8 жылдан кем емес мерзiммен лагерьге айдау бұйырылған еді. Солардың арасында Ақмола облысының «Еркiншiлiк» (Ереймен) ауданында әйелдер кеңесiнiң төрағасы қызметiн атқарған, 33 жасында күйеуiмен бiрге атылған Торғай Сүлейменова да бар. Клара Әмiрқызының «Қиылған ғұмырлар» еңбегiнде: «Таяққа сүйенiп, жасы 70-ке келiп отырған ананың 33 жасар келiнiн «халық жауы» деп үйден сүйретiп әкетiп бара жатқанда, үш жасар немересi – Еркiнi мен алты жасар Сайдалысы қара киiмдiлерден үрiккен күйде күңiрене дауыс салған аруана әженiң бауырына тығылып қала берген екен» – деген жолдар сол заманның адам айтқысыз жауыздығын көрсетедi. 35 жасында Алматы түрмесiнде атылған Шаһизада Шонанованың тағдыры да жантүршiгерлiк жағдай. Ал, Мәриям Қамбарқызы Әлиханова-Есенгелдина сол кездегi заңсыздықты өз естелiгiнде былай деп келтiредi: «...Ойламаған жерден IIХК кiсiлерi сау етiп кiргенде, жүрегiм зу етiп, қатты қорқып кеттiм. Олар әй-шәйға қарамай, үйдiң астан-кестеңiн шығарып, тiнте бастады. Қолдарына iлiнер түк таппады... Бiреу менiң бетiме ызғармен қарап «сенi тұтқынға аламыз» деп зекiдi. Жылап жүрiп баланы, өзiмнiң екi-үш сыпыра киiмдерiмдi алдым... Олар баланы қолымнан жұлып алып, «ол сенiмен бармайды, балалар үйiне тапсырамыз», – дедi. Сол сәт жүрегiме бiз сұғып алғандай болды».
Сондай-ақ Жақып Ақбаевтың қарындасы, Нығмет Нұрмақовтың жұбайы Зүпнұн апай және Әзиза Рысқұлова, Күләндам Қожанова, С.Меңдешовтың жұбайы Рәзия, Т.Жүргеновтiң жұбайы Дәмеш, С.Асфендияровтың әйелi Рабиға және Елизавета Садуақасова, Мария Есқараева, Мариям Тоғжанова, Әйiш Құлымбетова, Бибiжамал Сырғабекова, Сағадат Тәшитов, Шәкiтай Тәтiмова, Айша Қабылова, Қира Нұрмағамбетова, Хадиша Мусина, Жанбике Шанина, Зарап Темiрбековтың жұбайы Сақыпжамал Назирова және Зағипа Тiнәлина, Баршын Қалменова, Майнұр Сарымолдаева және тағы да басқа танымал қайраткерлердiң жұбайлары мен туыстары да жазықсыз жазаланды.
Кінәсіз жаза арқалаған аналарды санап шығу мүмкiн емес. Кезiнде IIХК жендеттерi жойып жiберген бiз бiлмейтiн құжаттармен бiрге жоғалған тағдырлардың қаншама екендiгiн кiм білсін?! Күйеулерi айдалғанда, аштыққа да, азапқа да қарамай, балаларын аман сақтай жүрiп, жан-жарының соңынан iздеу салған қазақ әйелiнiң ерлiгiн елеусіз қалдыруға болмайды. Тiптi, еңбекпен түзеу лагерлерi мен түрмелерде де қазақ әйелдерiнiң өзге ұлт өкiлдерiне жасаған кеңдiгiн, қайырымы туралы кейінгі естеліктерде жазылған.
Қазақ әйелдерiнiң қайраты мен қайсарлығы – кейiнгi ұрпаққа өшпес тағылым. Олар – жүректерi қайғы-шерге толып, әбден шаршап-шалдықса да, белден кешкен азапқа төтеп бере бiлген рухы биiк әйелдер еді!
Н. БАҚЫРАН

Сурет: egemen.kz
31 мамыр 2024 ж. 2 386 0