Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал флотилиясының құрылу тарихы

Арал флотилиясының құрылу тарихы

Танып білген адамға Арал тарихының танымы тереңде, тағдыры әріде жатыр. Табиғат пен тіршілік, теңіз бен адам тағдырына қатысты бұл өңірдің өзгелерден бөлек өз заңдылығы бар. Арал теңізі ертеден-ақ көптеген ғалымдар мен саяхатшыларды қызықтырғаны соның анық дәлелі. Түрлі ғылыми зерттеулердің нәтижесінде теңіздің тарихы әлі күнге дейін адамзат баласын тең деректермен таңдандыруда.
Бірақ уақытында теңіздің тылсымынан бөлек мемлекеттер алдында теңіз арқылы жол қатынасын кеңейту, балық аулау, түрлі шаруашылық саласын дамыту мәселесі тұрған шақта осы Арал теңізі негізгі қатынастың орталығына айналды. Бұл жайлы әңгімемізді әріректен бастайық.
Арал бекінісі салынған уақытта ХІХ ғасырдың ортасында Ресей патшалығы Орта Азия хандықтарының Арал теңізі мен Әмударияның шекараларына жақындай түсіп, теңізді зерттеу мен жүк тасымалдауы үшін бұл өңірде порттар салып, Арал флотилиясының құрылуына әкелді. Бұл Орта Азия мен Қазақстанда кеме қатынасының қалыптасуына зор ықпалын тигізді және Арал флотилиясы 1847 жылы Арал теңізінде қызмет атқарды.
Ең алғашқы әскери «Николай» және «Константин» шхунасы 1847 жылы Орынборда құрастырылып, Сырдарияның жоғары ағысы арқылы Арал теңізін нақты түрде алғашқы зерттеуші, саяхатшы А.И.Бутаков Ресейдің Орск қорғанысында жасақталған экспедицияны басқара отырып, Райым бекінісін мекендеп, теңізді тексеріп, тереңдігін өлшеп, енділігін анықтай отырып, Барсакелмес және Возраждение аралдарын суретке, ал теңізді алғаш картаға түсірді.
Жалпы, Арал флотилиясының құрамында «Самарқанд», «Арал», «Ташкент», «Сырдария» атты 4 кеме ,11 баркас және 10 баржа болды.
Арал флотилиясында 1877-1878 жылдары Қазалы-Перовск, Перовск-Чинар, Қазалы-Қосарал және Қосарал-Николай аралы атты 4 телім адам және жүк тасымалдады. «Самарқанд» кемесі Перовск қаласы жанында суға батып, 1882 жылы генерал-адьютант Черняев Арал флотилиясын тарату туралы комиссия құрып, 1883 жылы жойды. 1888 жылы Арал флотилиясының орнына Әмудария флотилиясы құрылды. Осылайша 1900 жылдардың басында Арал теңізі мен Әмударияда «Хиуа» акционерлік қоғамы құрылып, негізін қалаушы волгалық Лапшин, Бузын, Сиротин және басқа да азаматтар болды. Бұлар балық аулап, тұздап, кептіріп, оны өңдеп, мұздатып және сатып орасан зор табысқа кенелді.
Ал тарих парақтарына жүгінсек, сазаны таудай тулаған Арал теңізінен балық аулаумен біздің өңірде бұл кәсіпшілікпен ешкім басы бүтін айналыспаған. Жайық өзен бойынан жер ауып келген орыс және татардың іскер купецтері балық аулаумен тұрақты айналысып, жергілікті халыққа балық аулаудың қыр сырын үйрете бастады. Бірақ жердің орталықтан алыстығы өткен ғасырдың басына дейін теміржолдың жоқтығынан олар өздері ойлағандай табысқа қол жеткізе алмады. Алайда 1901-1904 жылдары Орынбор-Ташкент темір жолын салу балық шаруашылығының дамуына кең мүмкіндік ашты. Аралға Вольга бойынан, Астрахань өңірінен балық аулауды, өңдеуді білетін балықшылар келіп қоныстанып, осылайша балық шаруашылығы аумақ экономикасының шешуші саласына айналды.
Тұмар Әблезова,
"Балықшылар" музейінің ғылыми қызметкері
10 қыркүйек 2024 ж. 312 0