Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнулла Қазтоғанов: Кіші теңізді жапқаннан кейін балық аулау 4 есеге өсті

Зейнулла Қазтоғанов: Кіші теңізді жапқаннан кейін балық аулау 4 есеге өсті

Бүгін – бүкіләлемдік теңіз күні. Айтулы күнді БҰҰ 1978 жылы теңіздер алқабын қорғау мақсатында қабылдаған. Басты мүдде халықаралық қоғамдастықтардың шектен тыс балық аулау мен суаттарды және теңіз суының мұнайдан ластанудың алдын алу үшін назарын аудару.
Әлемде 30 теңіз бар, оның екеуі біздің елімізде орналасқан: Арал және Каспий теңізі. Бүгінде Каспий әлемдегі шаруашылық маңызы зор ең ірі тұйық су алабы. Атырау облысы Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағалауында орналасқан. Теңізге құятын өзендер мен қоректік заттың мол тасымалдануына байланысты Каспий теңізі түрлі балыққа бай, итбалық та көп кездеседі. Каспийде өсімдіктердің 500 түрі, балық пен жануарлардың 769 түрі мекендейді. Оның ішінде әлемде сирек кездесетін бағалы Құртпа балығы да бар. Бекіре тәріздес дүниежүзілік өнімнің 90%-і Каспий теңізінен ауланады.Теңізден мұнай өндіру мен жосықсыз балық аулау және ластанған суларды теңізге төгудің салдарынан экологиялық ахуал біршама нашарлаған.
1960 жылға дейін Арал теңізі көлемі бойынша әлемдегі төртінші ағыссыз тұйық көл-теңіз болған. Теңіздің орташа көпжылдық деңгейі 1911 жылдан 1960 жылға дейін 53,0 (абс) м белгіде тұрды.
1960 жылдардың басында ирригация мұқтажына ағынды суды қайтарымсыз алудың нәтижесінде теңізге өзен суларының ағып келуі едәуір азая бастады. Осының себебінен теңіздің су және тұзды теңгерімі мен гидрохимиялық режимі күрт бұзылды. Теңіз деңгейінің тез төмендеуі, суының тұздылығының артуы, оның ауданы мен көлемінің азаюына әкеліп соқтырды.
Солтүстік Арал теңізіндегі су көтеру бөгеті САРАТС жобасы аясында салынған.
Жалпы САРАТС жобасының бірінші кезеңі сәтті өтті. Ия, бұрынғы Арал енді болмайды, тек Қазақстандық бөлігі ғана толады.
Кіші теңізді жапқаннан кейінгі бір жылдың ішінде балық аулау шамамен 4 есеге өсті және 1,6 мың тоннаға жетті. Қазірдің өзінде теңізде балықтың 13 түрі өсірілуде. Бұл судың тұздылық деңгейінің төмендегенін көрсетеді. Ақлақ су торабының аяқталуы жергілікті халыққа балық аулаумен ғана айналысып қоймай, мал басын едәуір арттыруға да мүмкіншілік жасады. Себебі жаңа су торабы көлдердің, шабындық пен жайылымдардың көлемін көбейтуге мүмкіндік туғызды.
Зейнулла ҚАЗТОҒАНОВ,
Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы.


30 қыркүйек 2021 ж. 474 0