Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғалымдар: Каспий теңізі ортайып барады

Ғалымдар: Каспий теңізі ортайып барады

Неміс және голланд ғалымдарының есептеуінше, 2100 жылға дейін Каспий теңізінің суы 9-18 метрге дейін таяздайды. "Ал мұның арты экологиялық, саяси және экономикалық мәселелерге ұласуы мүмкін" деп есептейді ғалымдар. Зерттеу Nature Communications Earth & Environment басылымында жарияланған.
Қазір мұхит деңгейі көтеріліп, жағалаудағы ірі мегополистерге қауіп төніп келе жатса, Каспий теңізі маңындағы елдімекендері керісінше су жетпей қалуы мүмкін. Каспий географиялық жағынан теңіз болғанымен, су деңгейі кішірейіп көлге айналып барады. Теңіз 1990 жылдардан бастап тартыла бастаған.
Каспий теңізінің жиырма жылда тартылу көрсеткішіне қарап Германияның Гисен мен Бремен университетінің ғалымдары мен Голландияның Утрехт Университетінің мамандары бірігіп Каспий теңізінің ХХІ ғасыр соңына дейінгі өзгерісін өлшеп көрді.
Ғалымдардың есебінше, 2100 жылға дейін теңіз көлемі 23-34 пайызға дейін азайып, су деңгейі 9-18 метрге дейін төмендеуі мүмкін.
"Мәселен, Солтүстік теңіз 2-3 метр азайса, Роттердам, Гамбург, Лондон сынды қалалардың портына тоқтау айтарлықтай қиындамақ. Балықшылар кемесі мен жүк тиелген кемелер портқа жете алмай алыста қалады. Содан қала экономикасына шығын келеді. Ал Каспий кем дегенде 9 метр азаяды, 18 метрге дейін төмендесе, теңіздің үштен бір бөлігі тартылып қалмақ", - дейді университет ғалымдары.
Мамандардың айтуынша, құрлықтағы өзен-көлдің деңгейі жауын-шашын мен буланудың арақатынасына тікелей байланысты. Егер жауын аз, күн ыстық болса, су айдыны буланып, тартыла бастайды. Ал Каспий теңізінің суы көп буланады, ал солтүстіктегі мұздан еріп келетін су азайып барады. Содан Орталық Азия маңында қуаңшылық басталуы мүмкін.
Зерттеу жұмысының авторлары Каспий теңізінің суы тартылса, оның экожүйесіне, құстары мен жан-жануарларына зиян келмек, әсіресе, эндемик жануарға жататын Каспий итбалығы құрып кетуі мүмкін. Каспий маңында қоныстанған миллиондаған тұрғын ауыз сусыз, азықсыз қалуы ықтимал.
"Бұл мәселелер аймақта тұрақсыздық тудырып, Каспийді жағалаған мемлекеттердің саяси көзқарасына әсер етуі мүмкін. Әзербайжан, Қазақстан, Иран, Ресей, Түркіменстан елдері акваторийді бөлісудің жаңа келісімшартын жасамақ", - дейді зерттеушілер.
Сондықтан Каспий теңізін сақтап қалудың жолдарын ұйымдастыру қажет. Ғалымдардың айтуынша, БҰҰ-ның көл мен теңізді сақтау туралы халықаралық бағдарламасын қолданса, мәселенің алдын алуға болады.
28 желтоқсан 2020 ж. 898 0