Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Әлихан Бөкейханның туған күні

Бүгін Әлихан Бөкейханның туған күні

Саналы ғұмырын ел мүддесіне арнаған «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 159 жыл толды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ол ХХ ғасыр басында қазақтың тіл, жер, адам құқы мен халық бостандығы жолында күрескен ерен тұлға. «Алаш» деп атқа қонған зиялы азаматтар ел үшін аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті.

Ә.Бөкейхан 1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі болады.Осы жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбаевпен бірге әйгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Петицияда діни сенім бостандығы, дербес мектептер мен мешіттер салу және ашу тәртібі, қазақ, татар, араб тіліндегі діни кітаптарға цензураны жою, туу туралы тіркеу тәртібін діни басқарма орындарына беру, шетелге шығатын паспорт берудің заңды тәртібін белгілеу сынды маңызды мәселелер көтерілген.

Ал 1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі, артынша желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан тағайындалады.

Алашорда көсемінің мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің барлық басылымдарында жарық көрді. Зерттеуші ғалымның, көрнекті публицист Әлиханның экономика, әдебиеттану, ормантану, ауылшаруашылық салаларына арналған көптеген жазбалары сақталған. Бұған қоса Әлихан Бөкейхан алғашқы абайтанушылардың бірі болып саналады.

Фото: egemen.kz
05 наурыз 2025 ж. 77 0