Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгін Әлихан Бөкейханның туған күні

Бүгін Әлихан Бөкейханның туған күні

Бүгін XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы Әлихан Бөкейханның туған күні.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Ол XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы ерекше тұлға, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, білікті саясаткер, білімді әдебиеттанушы, тұңғыш энциклопедист.

Ол 1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.

Әлихан Бөкейхан бірегей талант иесі болды. Осы қасиеттерінің арқасында Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ зиялыларының басын бір арнаға қосып, мемлекеттіліктің қалыптасуы үшін аянбай тер төкті. Тарихшы профессор Мәмбет Қойгелді Әлихан Бөкейхантың тағдырын қазақ ұлтының өмірінен бөліп қарау мүмкін емес екенін айтады.

Ол себебі ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі болатын. Кез келген ұлт-азаттық қозғалыстың көсемінің тағдыры осылай қайғылы аяқталған. Тіпті, Ресей аумағындағы ұлттардың Әлихан Бөкейхан сияқты көсемдерінің тағдыры басқаша болуы мүмкін емес еді, - дейді ол.
1886 жылы ол Омбыға келіп, жергілікті 4 жылдық техникалық училищеге «пансионер» болып қабылданды.

Ол 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Осы жылдары ол барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе солшылдардың көзқарасына бейім болды. Ә.Бөкейхан Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студент болған жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне алынды. Әлихан бұл тізімнен патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қырқүйегінде «халық жауы» болып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ.

Әлихан Бөкейхантың белсенді саяси қимылдары патша өкіметін сескендіріп, оны қазақ даласынан аластап, Самара қаласына жер аударады. Әлекең, онда 1908-1917 жылдары тұрып, қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен қол үзбей «Қазақ» газетіне «Қыр баласы» деген атпен ел тіршілігінің өткір де түйткіл мәселелеріне ден қойған мақалалар жазады.

Ақпан төңкерісінен соң, оңтайлы саяси ахуалды қалт жібермей пайдаланып қазақ елдігінің дербестігі үшін белсене қимылдайды.

1917 жылдары шілде және желтоқсан айларында өткен жалпы қазақтық сиездерді ұйымдастырып, онда «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құруға қол жеткізеді. Алашорда үкіметінің төрағалығына сайланады.

Азамат соғысы жылдары қазақ халқының ақ пен қызылдың теке тіресінде тектен-текке қосақ арасына кетпеуіне күш салады. Осы бағытта жұмыстар жүргізіледі.

Кеңес кезеңінде өкімет орындары Қазақстанда тұрғызбай, Мәскеуде ұстайды, саясатпен айналысуға мүмкіндік бермейді. Жаңа жағдайға байла-нысты, бұрынғы алаш зиялылары өздерінің күрескерлік жолын өз хал-қының сауатын ашу үшін оқулықтар жазып, фольклорлық әр түрлі жинақ-тар шығарып, ғылыммен шұғылданып, аудармалармен айналысып, қазақ шаруашылығын ұйымдастыруда басқа жұрттың озық мәдени түрлерін пайдаланудың жолдарын көрсетіп насихаттауға бағыттайды.

Кеңес орындары Әлихан Бөкейханқа тыныштық бермей, 20-жылдары екі рет тұтқындап, онда амалсыз босатып, ақыр аяғында 1937 жылдың науқанында қанды шеңгелге алады.

«Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,

Демейді қандай қазақ оны оң көзі.

Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан,

Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі», - деп С.Торайғыров айтқандай, Әлихан Бөкейхан әрқашан да қазақ жүрегінде жеке дара тұлға болып қала бермек.

baq.kz
05 наурыз 2021 ж. 462 0