Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АЛАШ АЛЫПТАРЫ

АЛАШ АЛЫПТАРЫ

Өткендегі және бүгінгі тарихқа үңілсек, қазақ елінің азаттығы үшін арпалысқан ұлы тұлғалардың бар арман-мақсаты – Ұлттық мемлекетімізді құру болғанын көреміз. Тіпті, сонау көне дәуірдегі ел бірлігін ойлаған көк түріктің даңқты қолбасшысы Білге қағанның «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Жалаңаш халықты киімді, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым» деген өз өсиетін мәңгілік тасқа қашатып қалдыруы тегін болмаса керек. Ал одан бергі тарихымыздағы Алаш арыстарының аңсаған арманы, көздеген мақсаты тағы да осы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру болды. 1917-1918 жылдар бүкіл қазақ баласы Алаш туының астына бірігіп, ерікті ел болайық деген ұран тасталып жатты. Саяси қоғамдық өзгерістерден, санадағы сілкіністен соң, жалпыхалықтық рухтың өрлеп, революциялық белсенділіктің артқан кезі еді, бұл. Қазақтың тарихындағы тұңғыш саяси ұйым – Алаш партиясы болды. 1917 жылы желтоқсан айында бүкіл қазақтардың құрылтайында қазақтың автономиясы мәселесін көтеріп, оны өзі іске асырған Әлихан Бөкейхан Қазақ автономиялы республикасының төрағасы болып сайланды. Бірақ, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Алаш партиясының көсемдері мен саяси белсенділерін большевиктік қызметтерге жібере бастады. Әлихан «Жалпы Сібір съезі» атты мақаласында «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкімет» деп сипаттаған большевиктерге қызмет етуден бас тартты. Осы «оппозициялық қылығы» үшін 1920-22 жылдары оған «буржуазиялық ұлтшыл» деген айдар тағылады. Тергеулер жүргізіліп, айлап абақтыда да отырады. 1922 жылы ол Мәскеуге жер аударылады. Әлихан Бөкейхан жаңа өкіметке қызмет етуден бас тартқанымен, Алашына қызмет етуді борышым деп санады. Жат жерде жүрсе де, елінің ақын-жазушыларының, зиялыларының басын біріктіріп, халқының ұлттық өнерін, мәдениетін, әдебиетін өркендету жолында еңбек етеді. Мәскеуге жұмыспен келген Ахмет, Мағжан, Міржақыптармен бірігіп, қазақ зиялыларының «Алқа» атаулы ұйымын ұйымдастыруға тырысып, бағдарламасын жасайды. Большевиктік қызметке белгілі мақсаттармен араласа бастаған А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы сынды әріптестері арқылы Қазақстандағы саяси қоғамдық, мәдени, саяси процестерге басшылық етуін жалғастыра берді. Әлихан бастаған қазақ зиялылары тобының атқарған рөлін ағылшын ғалымдары: «Около десяти лет, вплоть до начала 30-х годов, члены Алашорды сохраняли почти полный контроль над образованием, прессой и издательским делом в Казахстане, следуя единственной цели – придать советской казахской культуре отчетливо национальный характер», - деп шыншылдықпен сипаттайды. Мәскеуге келген күннен бастап, КСРО Халықтары Орталық баспасының Қазақ секциясына әдеби қызметкер ретінде жұмысқа алынады. Баспада жұмыс істеп жүріп ол көптеген әдеби шығармаларды, яғни Л.Н.Толстой, Д.М.Мамин-Сибиряк, В.Г.Короленко, Ги де Мопассан, Эзоп шығармаларын, мектеп оқулықтарын аудармалап, басып шығарады. Қазақ газет-журналдарына көптеп мақала-зерттеулер жариялап тұрады. Өзі «Темірқазық» атты мәдени-ағартушылық журналын шығарады. Журнал үш нөмірінен кейін тыйым салынып, жабылып қалады. Баспада қызмет істеген 5 жылдың ішінде 10-нан аса оқу құралдарын, аудармаларын, ғылыми зерттеулерін кітап етіп басып үлгереді. Ал 1926 жылы Әлиханды КСРО Ғылым Академиясына жұмысқа шақырады. Сөйтіп, Қазақстанның зерттелмеген аудандарының бірі – Адай уезі қазақтарының тұрмыс-тіршілігі, шаруасы және тағы басқа жақтарын зерттеу мақсатымен ұйымдастырылған антропологиялық экспедициясына қатысады. Жиналған материалдарды қорытып, 1927 жылы «Казахи Адаевского уезда» деп аталатын еңбек жазады. Осы жыл - Әлиханның белсенді қызмет атқарған соңғы жылы. Себебі, 1927 жылдың 1 қазанында оны Орталық Баспадағы әдеби қызметкер жұмысынан «ввиду общего сокращения штатов» деген жалған сылтаумен босатып жібереді. Большевиктер оны Мәскеуден тыс шығармай, он жыл бойы пәтерде қамап ұстайды. Дегенмен де, большевиктердің көсемі Лениннің жақын серіктерінің бірі В.Д.Бонч-Бруевич Мәскеуде «Орталық көркем әдебиет, сын және көсемсөз мұражайы» ұйымдастырылып жатқандығын хабарлап, Әлихан Бөкейханға Л.К.Чермактың сілтеуімен хат жазып, мұражайдың әдеби және тағы басқа қорларын жинастыруға қол ұшын беруін өтінеді. Хат 1934 жылдың 27 қаңтарында жіберілген. Шындығына келгенде, Әлиханның қолында қазақтың хандық дәуірінің көрінісі – үш жүздің хан, сұлтан, билерінің хат-қағаздары, төлқұжаттары, қысқасы – баға жетпес тарихи мәліметтер, оған қоса өзі бүкіл ғұмырын сарп етіп зерттеген қазақтың жер-суы, тарихы, мәдениеті, әдебиеті туралы еңбектері, жарыққа шықпаған қолжазбалары болды. Оның көп жылғы досы әрі Қарқаралы уезін бірге зерттеген қызметтесі Л.К.Чермактың сілтеуімен жазылған Д.Бонч-Бруевич хатының сыры міне осында болатын 1937 жылдың тамызында тұтқындалып, Бутыр түрмесіне жабылған кезінде Әлиханның бай мұрасы із-түссіз жоғалады. Осы жылдың 27 қыркүйегінде КСРО Жоғары Сотының Әскери Коллегиясы жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлі Бөкейханды елінен тыс жерде – Мәскеуде өлім жазасына кесілсін деген үкім шығарады. Әлиханды өлімге кесе отырып, қазақ халқының ұлттық, ұлт-азаттық қозғалысының күре тамырын шауып тұншықтырмақ болды. Қазақтың ұлттық намысын, сана-сезімінаяққа таптамақниетін танытты. Бірақ... 1937 жылдың қыркүйегінде өшкендей болған үн 1986 жылдың желтоқсанында бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, Кеңес империясының бытырап-таралуына бірден-бір себеп, түрткі болды.
М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев сияқты көрнекті алаштанушы ғалымдарымыз өз зерттеулерінде Алаш ұлт-азаттық қозғалысы негізінен патшалық Ресейдің іргетасын шайқалтқан 1905-1907 жылдардан бастау алатынын айтады.
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, - деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, Әлихан бізге әрқашан да дара тұлға болып қалады. Өзін баспасөз беттерінде «қыр баласы» деп таныстырған асыл азаматымыздың ұлтжанды пікірлері, ұстанымдары бүгінде жас ұрпаққа үлгі.
Талай ғасырлар құшағында аңқаулықпен тіршілік еткен, отаршылдық тепкісіне де шыдап баққан мейірімді әрі қарапайым халқының еңсесін көтеріп, білегін сыбанып, кеудесін кере дем алуына шақырған Әлихан әрбір қазақтың жүрегінде. Оның басшылығымен Семейде белсене іске араласқан Шығыс Алашорда үкіметі бір жарым жылдай уақыт ішінде тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында ұмытылмастай өзіндік үлкен із қалдырды. Қалай болғанда да, біз өзге жұртқа осы Алаш арыстарының ұлт-азаттық күресі арқылы қазақтың ежелден ерлікті ту етіп, еркін өскен ел екенін білдірдік. 1919 жылдың қысталаң күндері Әлихан мен Халелдер Семейде қызмет ете жүріп, тікелей телеграфпен байланысқа шыққан Сталинге өздерінің басты мақсаты тәуелсіз қазақ мемлекетін құру екенін ашық бетке айтса, ал Әлімхан Ермеков, Халел және Жанша Досмұхамедовтер Мәскеуде болған Лениннің қабылдауында ұлан ғайыр қазақ жерінің біртұтас бөлшектенбейтінін дәлелдеп шықты. Әрине, олардың бұл еңбектері зая кетпеді. Осындай халқы үшін жанын қиып – жан берген, үстем таппен алысып, қан төккен, халқым деп еңіреп өткен ерлердің ерлігін дәріптеу – бізге парыз.
Б. Төребай
02 наурыз 2018 ж. 5 407 0