Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың айбынды тұлғасы

Аралдың айбынды тұлғасы

Қазақ әдебиеті мен қазақ ойының қара нары, әлемдік ақыл-ойдың қазынасына өлшеусіз үлес қосқан қабырғалы қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 22 қазан күні 95 жасқа толды.
Қаламгер мерейтойы қарсаңында "Ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілсін", - делінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ әдебиетіне берген тағы бір жоғары дәрежесі деп айтуға болады.
Қаламгер турасында Шыңғыс Айтматов: «Мен Нұрпейісовтің кітаптарын баяғыдан бері оқып келемін, оның талантты да татымды прозасына баяғыдан бері ғашықпын. Одан көп нәрсе үйрендім, онымен сан рет сырластым да, бірақ онымен әр кездескен сайын, оны жаңа көріп білгендей боламын да тұрамын. Адам ретінде, сұхбаттас-сырлас ретінде ол әманда терең, салиқалы да сабырлы»,-деген екен.
Ал, жазушы Дулат Исабеков: «Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларын оңай жазып көрмепті. Алғашқы «Курляндия» романы мен «Қан мен терді» қалай жазғанын мен білмеймін. Мен білетін, жазу процесінің барлық сәтіне бастан-аяқ куә болғаным–осы «Соңғы парыз» романы. Бұрын он рет, жүз рет, тіпті өмір бойы көріп-біліп, бастан кешіріп келген оқиғаларды көркем шығармаға айналдырып, қағазға түсірер сәтте сол оқиғаларды ерінбей-жалықпай тағы да әлденеше рет көңіл сүзгісінен, көркемдік безбенінен өткізіп барып жазу – Нұрпейісовтің қанына сіңген қасиет»,-дейді.
Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысың Арал ауданына қарасты Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті бітірісімен әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Сөйтіп, 1943 жылы лейтенант дәрежесін алады.
Ол әдебиет әлеміне осы қанды қырғыннан кейін келді. Әбдіжәміл Нұрпейісов соғыстан қайтқанда бірден туған ауылына соқпай, жол қапшығындағы қолжазбаларын арқалап Алматыдағы ақсақал жазушылардан бата алуға барады. Сонда Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер соғыстан оралған солдаттың 12 беттік қолжазбасын оқып, батасын берген. Ақсақал жазушылардың батасын алғаннан кейін туған өлкесіне барған Әбдіжәміл Нұрпейісов есік-терезені жауып алып, ойына келгенін алдындағы ақ қағазға түсіре бастайды. Мұны бітіргеннен кейін әдебиеттану институтына түсіп, онда 5 жыл оқиды. Сауаты ашылып, әдебиет дегеннің қандай өнер екенін түсінеді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың батасын алған ол шығармасын окоп шындығын баяндаудан бастайды. Майданда жаны жараланған солдат көзбен көріп-білгенін роман етіп жазады. Осылайша, алғашқы шығармасын бірден сүйекті жанрдан, «Курляндия» атты романмен бастайды. Өзге қаламдастарынан да осы ең
қиын жанрды таңдауымен ерекшеленді. Нұрпейісов «Курляндия» романын жазып болып баспаға берген соң, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Онда ол 1 жыл оқиды. Содан кейін 1954-56 жылдары Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет интитутында білім алады. Нұрпейісов тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әдеби принциптерінің бірі кейіпкер мен оқиғаның шынайылығында. «Қан мен тердегі" көптеген образ өмірде болған адамдар.
Осындай туындыны өмірге әкелген Нұрпейісовтың мінезі ерекше. Ол мақтағанды ұнатпайтын жан. Қаламгер, мені мақтайтын болсаңдар орнымнан тұрамын да кетіп қаламын деп, шығармашылығын бағалайтын адамдарға талап қояды екен. Нұрпейісов тіпті, Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін, парт билетін ортасынан қақ бөліп, қоқысқа тастай салған. 1924 жылы туған жазушы ес біліп, етек жиған кезінде бүкіл халықтың ашаршылыққа ұрынғанын, қор болып, қоңыз теріп кеткенін көзбен көрген ұрпақтың өкілі. Соны көрген жазушы Кеңес Одағынан жерінді, оның берген атақ-абыройынан да бойын аулақ ұстады.
«Айдың күні аманында елді соғыссыз сондай жағдайға алып келген бүкіл елді басқарған компартия халықты қиындыққа душар қылды. Қор қылды. Ол тіпті, айтып-түгесуге болмайтын теңіздей қасірет. Мінеки, соны көрген жазушының Совет Одағының берген ордендерін де, компартияның билетін де ортасынан қақ бөліп, қоқыс жәшікке лақтырған себебі де сол»,- дейді жазушы Смағұл Елубаев Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы.
Бұл туындылардан бөлек, 1985 жылы жазушының «Ақбидай туралы аңыз» атты тағы бір еңбегі, яғни очерктер жинағы оқырман назарына ұсынылды.
Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы күллі қазақ әдебиетінің табысы. Әрине, ұлтына осындай асыл қазына сыйлаған жазушының ерен еңбегі елеусіз қалмады. Ол елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталды.
Ал өткен жылы, 2018 жылдың 16 қарашасында Әбдіжәміл Нұрпейісов ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Ол кездесуде қазақ қаламгерлерінің ақсақалы мен Назарбаев мәдениет саласының қазіргі жағдайы жөнінде пікір алмасып, отандық әдебиетті одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.
Әбдіжәміл Нұрпейісов есімі халықаралық аренада алпысыншы жылдар басында әлемнің әдеби өрісіне жол тартқан “Абай жолын” жалғастыра жаңғыртқан “Қан мен тер” болып еске түседі. “Қан мен тердің” арқасында қазақ әдебиеті өзінің әлем оқырмандары алдында Әуезовпен алған биігін сақтап қала білді. Әбдіжәміл Нұрпейісов есімімен бірге тағы да Арал апаты еске түседі. Жазушы шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері – Аралға арнапты. Қаламын найзадай білеп, Аралға араша түсу – жазушы ғұмырының “Соңғы парызына” айналыпты. Бұл екі шығарманың екеуі де әлем оқырмандары алдында қазақ әдебиетінің айбынын асқақтатты. Беделін көтерді. Оған дәлел – төменде келтірілген отандық және шетелдік қаламгерлердің Нұрпейісов романдары туралы әр жылдарда айтқан пікірлері. Берген бағалары. Соның бір тобын жазушы мерейтойына орай оқырман назарына ұсынып отырмыз.
“Әдебиетіміздің соңғы жүз жылдық даму даңғылына назар жіберер болсақ, оның кейбір шоқтықты шыңдарын көрмеу мүмкін емес. Қазақ қара сөзінің сол тау тізбегі қатарында “Қан мен тер”, “Соңғы парыз” аталатын шыңдар көзге түседі. Небары бес кітаптан тұратын осынау екі романға сыйып тұрған шығармашылық күш-қуат қандай! Драматизм, трагизм, махаббат, сәулелі сахналар, панорамалық оқиғалар, зұлымдық пен махаббат, кісілік пен кесапат шарпысқан оқиғалар желісі. Халықтың ғасырлық қасіреті алуан қырлы адам тағдырымен өріліп, кең тынысты қалпымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің осынау бес кітабына сыйып кеткен. Нағыз эпос! Осы бес кітап бойында домбыраның нәзік қылындай дыңылдап ұзына тартылып автордың өз кейіпкерлері арқылы туған жұртым деп сыздаған жүрегі, сырқыраған жан азабы сезіледі. Эпоста мынау жарық дүниеде жұмыр басты жан бастан кешуі мүмкін құқайларды түгел кездестіргендей боласың. Еламанның Ақбалаға деген махаббат жыры, түркімен жігітін қасқырдың талауына тірідей тастап кететін Қалау қатыгездігі, берекесіз қырқылжың қырт Судыр Ахмет, барымташыдан батырға айналған Қален! Ұлттық бояуы қанық бейне бір түз гранитінен қашалғандай сом тұлғалар емес пе?”.
- Әбдіжәміл Нұрпейісов - әдебиетіміздің мақтанышына айналған алыбымыз, қазіргі қазақ әдебиетінің асқаралы биігі десек, жазушы үшін бәлендей қажеті жоқ, қызыл сөз сияқты көрінер. Шындап келгенде, әлем әдебиетінің санаулы саңлақтарының біріне айналған суреткердің шеберлігін арнайы уақыт бөліп, табанды, ұзақ мерзімді зерттеу жүргізген авторды білмеймін. Оның шығармаларының құрылымы, тілі, образ-характерлер жүйесі, проблемалары туралы айтылған, жазылғандар аз емес. Алайда, бәрібір көңіл толмайды. Одан гөрі әріптестерімізбен әңгімелескенде экспромтпен айтылған ауызша талдауларымыз дұрыстау сияқты. Сондайда бір сөзді бір сөз қозғап, баспасөзде айтыла бермейтін әңгімелер айтылып кетеді. Ал соларды қағазға
түсірейін десең, интуициямен, жанартау секілді аяқ астынан айтылған талдауларға ғылыми термин, ұғымдар таба алмай қаласың. Әдебиет теориясында ондай мәселелер көтерілмейді. Қаламгерді қаламгердің жақынырақ, тереңірек түсінетіні сондықтан...
- Қазақ әдебиетінде туған өлкесін тамылжыта жырламаған ақынды табу мүмкін емес. Төмпегін төбеге, төбесін тауға дейін жеткізетін қазақ жазушыларыларының қатарында өзінің Аралымен Ә.Нұрпейісов те келе жатыр. Аралды барып көрмесек те, оның балығын Еламанмен бірге ауладық, Ақбаланы аяп, Судыр Ахметке күлдік. Жәдігермен бірге мұз үстінде қалтырадық, Беларанның сай-саласына сапар шектік. Бізге «Қан мен терді», «Соңғы парызды» оқыған соң Арал өз аулымыз сияқты сезілді. Онда да жақынынан, жарынан жылылық көре алмаған адамдар бар екен. Опасыздық пен сатқындық өзінше түрленіп, ал адами асыл қасиеттер Арал сияқты тартылып бара жатыр екен. Қазақтың әр жерінде де жағасынан жырақтаған өз Аралдары бар. Ал Ақбаланың жүрегінен тапқан өз аралына Тәңірберген кемесі келіп тоқтағанда Еламанның негізгі тірегі күйреді.
«Қан мен тер» қазақ даласындағы төгілген қан мен терлердің тарихи-көркем шежіресі. Ол қан мен тердің арамы да, адалы да болған. Аралдың қасіреті әріде жатыр. Арал адамдарынан қашып бара жатқан жоқ па екен? «Қан мен тердегі» қасірет «Соңғы парызға» дейін жалғасып жатса, оның теңізбен ортақ бірдеңесі болуға тиіс...
Әуелі «Сең» романы болып басталып, кейін «Соңғы парыз» дилогиясына айналған шығарма ірі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жайлы сыр шертеді. Қазақ қоғамының тоқырау жылдарындағы бейнесі де дилогияның көтерген бір жүгі іспетті. «Соңғы парыздың» қазақ көркемсөзіне, көркемдік ойына қандай жаңалық әкелді?
- «Соңғы парыз» алғаш «Жұлдыз» журналында «Сең» деген атпен бұдан отыз шақты жыл бұрын жарияланды. Сосын кітап болып шықты. Жаңылмасам, Саломея Неристің «Пой, сердце, пой, в нескончаемой тревоге» деген эпиграфы бар еді. Аралдың тағдырына алаңдау, тіршіліктің көкейтесті мәселесіне айналған күрделі сауалының жауабын іздеу талабы айқын еді...
Ал «Соңғы парызда» табиғат пен рухани экология мәселесі қатарласа, жарыса алға шыққанда, Адам мен Қоғам мәселесі молырақ, айқынырақ, әрі әлеуметтік, әрі моральдық, рухани-эстетикалық шиеленіске айналады.
Шығарманың жазылу үлгісі бұған дейінгі қазақ әдебиетінде болмаған. Ілияс Жансүгіровтің «Күйшісінде» автор күйші мен Қарашашты кезек-кезек «талдап», кейіпкерлердің психологиясын танытса, Әбдіжәміл Нұрпейісов романында психологиялық талдау тәсілі арқылы образдардың рухани әлемі ғана емес, жалпы адам табиғаты, адам шіркіннің артықшылықтары мен осалдықтары уақыт-қоғам контексінде әрі талданады, әрі сарапталады. Жеке
адамның айрықшалықтары қоғам-мемлекеттің игі қасиеттеріне, сол арқылы игілігіне ұласпайтыны, қоғамдық сананың ауқымы ғажайып кең бола тұра, жеке факті - адамды тану мен бағалауға келгенде «аңқаулығы» мен қолапайсыздығы Жәдігер мен Әзім арасындағы бықсыған түтін тартыстан, ашық көрсетуге көпшіліктен қымсынатын, жасырын текетірестен үнемі көрініп жатады.
«Соңғы парызды» оқырманға оқуға қиын шығарма деп есептей алмаймын. Ішкі монологтар, авторлық баяндаулар болды-ау деген жерінде тоқтап отырады. Шынайы оқиға, шынайы образ, шынайы мөлшері өлшеулі психологизм көркемдік мақсатқа ғана қызмет етіп тұр. Сұрақта келтірілген «еңсесін езіп тастайды, сабасына түсіреді, тоқмейілсуге жол бермейді, адамды қылуетке түсіреді» дегендер әр оқырманның өзіне байланысты болар. Ал «ойландырады» дегені дұрыс-ау. Ал «толғанамын, қажимын, шаршаймын» десең, ол да өз еркіңде. Романда символдық образдар бар. Қайтқан теңіз, артыңдағы із. Артыңдағы із дегенді айтқан сайын әркім-ақ әртүрлі ойға келер. Әркім-ақ артына қарап, өткен ізін барлап, өмірім «ырың-жырың» боп өтпеді ме осы деп әлденеше рет ойланбады ма екен осы «Соңғы парызды» оқу үстінде? Романды «залпом» бірақ қопарып оқып шығуға да болады, бірер беттеп оқып, өміріңнің әр кезеңінде қалдырған ізіңді ойлап байыптап қарауға да келеді. Қазақ оқырмандарын анық ойландыратын шығармалардың бірі осы - «Соңғы парыз».
Расында, әдебиет әлеміне қосқан үлесі өлшеусіз, қаламгерлік қасиетінен туындаған кемел ойы мен кесек туындылары, көркем сөз орамдарымен жазылған тұшымды сөздері оқырманын баурап алары сөзсіз. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы Әбдіжәміл Нұрпейісов біздің Аралдың азаматы екенін мақтанышпен айтып, биіктей түсеміз. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болғаны алыбымызды асқақтата түсері анық.
№71 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі Г.Батимова
28 қазан 2019 ж. 688 0