Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлікті тексеру уақыты қысқартылды

Кәсіпкерлікті тексеру уақыты қысқартылды

Мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске тексерулер жүргізу мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды, деп хабарлады baq.kz 

"Елімізде бизнестің реттелуін жетілдірудің тұжырымдамалық реформалары іске асырылды. Оның ішінде мемлекеттік бақылау және қадағалау, рұқсат беру, бизнестің қызметіне негізсіз араласуды шектеу салаларында реформалар жүзеге асырылды. Осылайша, кәсіпкерлік қызметтің реттелуін жетілдіру жөніндегі заң бойынша жүзеге асырылатын тексерулердің орнына профилактикалық бақылау институты енгізілді", - деді ҚР ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, профилактикалық бақылаудың тексеруден айырмашылығы әкімшілік іс қозғамай, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
"Мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске тексерулер жүргізу мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ, қабылданған заңмен 114 бақылау саласынан 20 сала және 18 қадағалау саласынан 3 сала алынып тасталды. Бұған себеп – кейбір салалардың қайталануы және оның тиімсіз болуы. Одан бөлек, шағын, оның ішінде макробизнеске тексерулер жүргізуге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3 жыл мерзімге мораторий енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл да кәсіпкерлікті дамыту үшін қалыпты жағдай жасауға жәрдемдеседі", - деді ол.
Министр орынбасарының мәлімдеуінше, жүйелік негізде жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулердің жалпы саны 2010 жылдан бастап 2017 жылмен салыстырғанда 4,3 есе қысқарған.
29 қазан 2019 ж. 646 0